ТДМ-4: «Стрессіз сессия» тақырыбында семинар-тренинг өттіFarabi University

51

ТДМ-4: «Стрессіз сессия» тақырыбында семинар-тренинг өтті

24 сәуір, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың психологиялық қолдау қызметі мен «Инклюзивті орта» ғылыми-тәжірибелік орталығы ТДМ-4: «Сапалы білім беру» аясында 24 сәуір айы «Халықаралық қатынастар» факультетінің студенттеріне арналған «Стрессіз сессия» атты семинар-тренинг өткізді. 

Іс-шараның мақсаты – студенттерге емтихан кезеңіне тиімді дайындалуға көмектесу, мазасыздық деңгейін төмендету, эмоционалды күйзелістермен күресу жолдарын үйрету және уақытты дұрыс жоспарлау дағдыларын дамыту.

Тренинг барысында қатысушылар келесі тақырыптармен танысты:

  • стресс механизмдері және оның өнімділікке әсері;

  • өзін-өзі реттеу техникасы мен тыныс алу жаттығулары;

  • зейінді шоғырландыру және прокрастинациямен күресу тәсілдері;

  • оқу мен демалыс арасындағы дұрыс балансты құру ерекшеліктері.

Семинар интерактивті форматта өтті: жаттығулар, шағын топтық тапсырмалар, ашық пікір алмасу және жеке тәжірибемен бөлісу сәттері сенім мен қолдау атмосферасын қалыптастырды.

Қатысушылар тренингтен кейін сессияда ғана емес, күнделікті өмірде де қолдануға болатын пайдалы құралдар алғандарын атап өтті. Көпшілік мұндай іс-шаралардың тұрақты түрде өткізілуін қалайтындарын жеткізді.

📣 Студенттердің пікірлері:

🗣 «Мұндай жағдай тек менде ғана емес екенін түсіндім — барлығы үшін қиын, бірақ бұлмен күресуге болады»
🗣 «Практикалық жаттығулар, әсіресе тыныс алу техникасы өте ұнады. Емтихан алдында міндетті түрде қолданамын»
🗣 «Тренингтен кейін ішкі тыныштық пайда болды, "менің қолымнан келеді" деген сенім туды»
🗣 «Университетте бұл тақырыптың қозғалғаны қуантады. Бұл өте маңызды»

Қатысушылар сенімді орта, өз уайымдарын ашық айту мүмкіндігі және нақты құралдар алу — осындай тренингтердің ерекше құндылығы екенін атап өтті.

Мұндай кері байланыс студенттік ортада, әсіресе сессия кезінде, мұндай бастамалардың маңыздылығын көрсетеді.