Архивтану және құжаттану пәндері бойынша XVII Республикалық пәндік олимпиадаFarabi University

51

Архивтану және құжаттану пәндері бойынша XVII Республикалық пәндік олимпиада

23 сәуір, 2025

2025 жылдың 23 сәуірінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Қазақстан Республикасы Президентінің архиві бірлесе отырып, Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары студенттері арасында архивтану және құжаттану пәндері бойынша XVII Республикалық пәндік олимпиада өткізді.
Олимпиаданың басты мақсаты – дарынды студенттерді анықтап, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға қолдау көрсету, зияткерлік әлеуетін арттыру, сонымен қатар архивтану мен құжаттану салаларындағы ғылыми мәселелерді шешуге ынталандыру және кәсіби бағдар беру.
Олимпиаданың ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы Президенті Архиві директорының орынбасары, Алматы қаласы филиалының директоры Жәмиля Үсіпжанқызы Әбдуқадырова және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Тарих факультеті Дүниежүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Рыскелді Саламатқызы Мырзабекова құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.


Олимпиадаға 6 студенттік команда қатысып, «Цифрлық трансформация жағдайында құжаттар мен архивтерді басқарудың заманауи талаптары» тақырыбында өз жобаларын қорғады. Жобаларда цифрлық архив жүйелерін жетілдіру, деректерді сақтау қауіпсіздігі, жасанды интеллект қолдану, құжат айналымының автоматизациясы сияқты өзекті мәселелер қамтылды.
Шараға Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің, Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архивінің қызметкерлері, сондай-ақ ҚР ІІМ Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясының оқытушылары мен студенттері белсенді қатысты.
Олимпиада қорытындысы бойынша, «Сандық архивтану және құжаттану» мамандығының 3-курс студенттерінен құралған «Data Dala» командасы жүлделі І орынға ие болды. ІІ орын – «Ұлы Мұра» және «Data Keepers» командаларына, ІІІ орын – «ARkhiv Vision», «Gold Archive», «Archive-9» командаларына берілді.
Марапаттау рәсімінде қазылар алқасы студенттердің жобаларындағы тың идеялар мен креативті шешімдерді ерекше атап өтіп, олардың болашақта архив саласының білікті әрі жаңашыл мамандарына айналатынына сенім білдірді.