ҚазҰУ ғалымдары Төле би ауданындағы сырғыма қаупі бар аймақтарды зерттеудеFarabi University

51

ҚазҰУ ғалымдары Төле би ауданындағы сырғыма қаупі бар аймақтарды зерттеуде

1 тамыз, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары Түркістан облысының Төле би ауданында сырғыма қаупі жоғары аймақтарды зерттеуде. Бұл – аймақтың қауіпсіздігін арттырып, тұрғындар мен туристердің өмірін қорғауға бағытталған маңызды жоба.

Аталған зерттеу ҚазҰУ-дың «Қашықтықтан зондтау және қолдану технологиясы» Қазақстан-Қытай бірлескен зертханасының жаңа жобасы аясында басталды. ҚазҰУ мамандары арнайы құрылғылармен жабдықталып, жергілікті жерге барып, далалық зерттеулер жүргізуде.

Негізгі мақсат – сырғымалардың пайда болу себептерін анықтау, қауіпті аймақтарды картаға түсіру және табиғи апаттың алдын алу жолдарын ұсыну.

Зерттеу барысында ғалымдар заманауи дрондар (DJI Matrice 300 RTK) мен LiDAR технологиясын пайдалануда. Бұл құрылғылар жер бедерін миллиметрлік дәлдікпен өлшеп, өсімдік жамылғысының астындағы жарықтар мен бұрынғы сырғымалардың іздерін де анықтай алады. Нәтижесінде, жердің нақты цифрлық моделі жасалып, сырғыма қаупі жоғары учаскелер нақтыланады.

«Төле би ауданы – табиғаты әсем, туристік әлеуеті жоғары өңір. Мұнда орналасқан Біркөлік пен Ақмешіт демалыс орындарына жыл сайын мыңдаған адам келеді. Алайда табиғаттың сұлу келбетімен қатар, қауіп те қатар жүруі мүмкін. Сондықтан сырғымаларға қатысты ғылыми зерттеу жұмыстары – қауіпсіз демалыс пен тұрақты даму үшін аса қажет», – дейді жоба жетекшісі, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасындағы «Қашықтықтан зондтау және қолдану технологиясы» Қазақстан-Қытай бірлескен зертханасының жетекшісі Мұрат Қасенов.

Жоба нәтижесінде қауіпті аймақтар картаға түсіріліп, беткейлердің сырғыма қаупі бойынша деңгейі анықталады. Сонымен қатар қауіп-қатердің алдын алу бойынша ұсыныстар жасалады.

Бұл деректер жергілікті атқарушы органдарға кеңістікті жоспарлау, экологиялық қауіпсіздік және инфрақұрылымды дұрыс дамыту үшін үлкен көмек болмақ.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі