Мен Қожанбаева Зере, қазіргі уақытта Әл-фараби атындағы Қазақ Үлттық Университетінде Шығыстану мамандығында корей тілін оқып жатырмын. Мұнда жыл сайынғы "студенттік алмасу" бағдарламасы өткізілді. Алайда, бәрімізге белгілі карантин кесірінен бұл мүмкіндікті бірнеше жылға үзіп, кейбір студенттер бару мүмкіндігіне ие бола алмады. Алайда, 2022 жылдың күзінде шекара ақыры ашылып, армандар орындалды. Мен ешқашан шетелде болған емеспін, бірақ біздің факультетіміз бен профессорларымыздың арқасында мен "таңғы шық еліне" баруға мүмкіндік алдым. Сондықтан да мен студенттерге арналған академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында барған Кореяда өмір сүрген кездегі сезіміммен бөліскім келеді.
Мен Сеулдегі Донгук университетіне түстім. Алдымен олар университетінің айналасы туралы айтып, қайсысы қай жерде екенін таныстырды. Сондай-ақ, Донгук университетінде шетелдік студенттерге Кореяда тұруға көмектесетін"Бадди" бағдарламасы бар. Яғни, осының негізінде әр шетелдік студентке корей студенттері Кореядағы өмірге үйренуге көмектеседі. Менің баддиым өте жанашыр болды, ол қолынан келгеннің бәріне көмектесті, ол осы әдемі елдің әртүрлі жерлерін көрсетті және де, әрине, маған Кореяға үйренісуге көмектесті.
Семестрдің басында әр Корей университеттерінде күзгі фестиваль өтеді. Донгук университетінде керемет фестивалі өтті, онда көптеген талантты адамдар мен танымал әртістер өнер көрсетті. Сонымен қатар, ITZY деп аталатын K-POP тобы фестивальдің арнайы қонағы болды. Барлығы жақсы әндер мен музыкамен жақсы уақыт өткіздік. Сонымен қатар, тәттілер, шоколадтар және арнайы қуыршақтар сияқты әртүрлі заттарды тегін алуға болатын көптеген ойындар болды. Бұл Кореядағы ұмытылмас күндердің бірі болды.
Оңтүстік Кореядағы білім беру жүйесі Қазақстандағы білім беру жүйесінен өзгеше болып шықты. Мысалы, Кореяда тек дәрістер өткізіледі және біз білімімізді тек аралық және қорытынды емтихандарда көрсетеміз. Осы тәжірибе арқылы мен корей тілін жақсы түсіне алдым. Осының арқасында менің күш-жігерім де өсті. Осының бәріне қарамастан, сыныптағы атмосфера өте жақсы болды және сабақ өте қызықты болды.Тіпті біз командада көп жұмыс істедік, шетелдіктермен көбірек сөйлестік, дағдыларымыз бен дүниетанымымызды кеңейттік.
Оған қоса, біз жаңа елдегі жаңа жерлермен таныстық. Намсаннан қаланың әдемі көріністерін тамашалап және Мендон, Каннам, Итэвон, Тондэмун және т.б. сияқты танымал аудандарға барып көңілді уақыт өткіздік. Және басты саяхаттың бірі ол – Пусанға баруымыз болды. Мен ол жерге Кореяға бірге келген досыммен бардым. Біз онда бір күн ғана болдық, бірақ бұл өте қызықты тәжірибе болды. Біз ол жерге автобуспен бардық, содан кейін автобуспен оралдық. Жолда біз әдемі табиғатты тамашаладық.
Осылайша, Кореядағы өмірім өте тамаша өтті. Осы кезеңде көмек көрсетіп, қолдау білдірген әрбір жанға алғысымды білдіремін. Сонымен қатар, Әл-фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне деген алғысым шексіз.
Шығыстану, 3 курс
Қожанбаева Зере
Басқа жаңалықтар

