Медициналық сүліктердің емдік қасиеттері зерттеледі

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде сүліктерге арналған заманауи фармакологиялық зерттеу орталығы ашылды. Аталған орталық оқу ордасының базасындағы Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығының базасында іске қосылды.
Ашылу салтанатына Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов, Гирудотерапия ассоциациясының президенті Тамара Зайпулаева, Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығының директоры Жанар Жеңіс және ғалымдар қатысты.
Жаңа орталықтың басты мақсаты – медициналық сүліктердің емдік қасиеттерін ғылыми тұрғыда терең зерттеу, олардың құрамындағы биологиялық белсенді заттардың адам ағзасына әсерін дәлелдеу және сүліктерді түрлі ауруларды емдеуде қолданудың механизмдерін ғылыми негізде сипаттау.
Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығы бүгінде Қазақстанда өсетін өсімдіктерді фитохимиялық және фармакологиялық тұрғыда терең зерттеумен айналысып келеді. Енді орталықтың ғылыми ізденістері сүліктерді емдік мақсатта қолдану саласын да қамтиды.
Іс-шара аясында профессорлар, ғылыми қызметкерлер, ғылыми қауымдастық өкілдері, медицина мамандары мен гирудотерапия саласының жетекші сарапшылары бас қосып, ынтымақтастықтың болашағы мен жаңа орталықтың стратегиялық маңыздылығын талқылады.
Сонымен қатар тараптар медициналық сүліктерді зерттеу саласындағы ғылыми ынтымақтастық туралы келісімге қол қойып, жаңа орталықтың болашақтағы басым бағыттарын айқындады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


