Диссертациялық кеңеске жаңа талаптар енгізіледіFarabi University

51

Диссертациялық кеңеске жаңа талаптар енгізіледі

23 мамыр, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да кезекті ғылыми кеңес өтті. Күн тәртібінде университет жанындағы диссертациялық кеңестің қызметі талқыланды.

Аталған тақырып бойынша басты баяндаманы ылым және инновациялық қызмет департаментінің директоры Қуаныш Тастамбек, ал қосымша баяндаманы география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы Әлия Ақтымбаева жасады.

Басты спикер диссертациялық кеңестерге қойылатын негізгі талаптарды тізіп шықты. Атап айтқанда докторантура бағдарламасы бойынша білім беру қызметін жүргізуге лицензияның болуы қажет, ол кемінде үш жыл мерзімге аккредиттелген білім беру бағдарламаларының тізіміне енгізілуі тиіс. Диссертациялық кеңестің құрамы жеті адамнан аспауы қажет және оның үш мүшесі басқа білім беру ұйымдарының өкілдері болып, уақытша тағайындалуы тиіс. Сондай-ақ төрт мүшенің соңғы бес жылдағы халықаралық рецензияланған ғылыми журналдарда жарияланымдары болуы шарт. Еліміз бойынша диссертациялық кеңестердің статистикасына сәйкес, 2023 жылы 234 докторант диссертация қорғаса, оның 143-і ҚазҰУ-дан қорғалған. 2024 жылы қорғалғандар саны 317 адамға жетсе, олардың ішінде 147-сі ҚазҰУ докторанттары. Департамент директоры екі мерзімнен кейін диссертациялық кеңестердің төрағаларын қайта сайлау туралы ұсыныс айтты.

ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев докторлық диссертацияларды қорғауға қатысты әр факультет бойынша жол картасын жасауды және осы бағыттағы жұмысты жандандыруды тапсырды.

ылыми кеңестегі екінші мәселе білім алушылардың кәсіптік практикасын ұйымдастыруға арналды. Бұл туралы Академиялық мәселелер департаментінің директоры Бақыт Рахымбекова баяндады. Бүгінде ҚазҰУ студенттері педагогикалық, өндірістік, диплом алдындағы және оқу тәжірибесі сияқты төрт түрін өтеді.

«Атамекен» ҰКП мәліметтері бойынша университетті тамамдаған 2024 жылғы түлектер бір жыл өткен соң орта есеппен 87 пайызы жұмысқа орналасқан. Осылайша бакалавриат түлектерінің 78 пайызы жұмысқа орналасса, оның 71 пайызы педагогикалық мамандықтар бойынша, 85 пайызы медициналық және 77 пайызы басқа мамандықтар бойынша жұмыс орындарын тапқан. Магистратура түлектерінің  84 пайызы жұмысқа орналасудың жоғары деңгейін көрсетсе, докторанттар 100 пайыз жұмыспен қамтылған.

Кәсіби практиканы ұйымдастыруды жақсарту үшін спикер факультеттердің жұмыс берушілер кеңесін және кадрларды даярлау жөніндегі академиялық комитеттерді жандандыруды ұсынды. Жұмыс берушілермен, практика базаларымен кері байланысты нығайту және үнемі практика орындарына барып тексерулерді ұйымдастыру ұсынылады. Сондай-ақ шығарушы кафедраның практика базаларымен шарттар жасасқаны үшін жауапкершілігін күшейту, индикативтік жоспарға кәсіби практиканы ұйымдастырудың тиімділігі бойынша көрсеткіштерді қосу және автоматтандырылған сүйемелдеу үшін LMS/Univer модульдік цифрлық тректі енгізу бойынша ұсыныстар айтылды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі