Мейірбике ісін жаңа бағытта дамыту

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Халықаралық мейірбике күніне арналған «Мейірімділіктің жаһандық миссиясы: өзгермелі әлемдегі мейіргер ісі» атты халықаралық конференция өтті.
Конференцияның мақсаты – ғылым, білім және денсаулық сақтау өкілдерін мейірбике ісін дамытудың заманауи сын-қатерлерін, инновациялары мен стратегияларын талқылау үшін біріктіру.
Қазіргі уақытта мейірбике ісі цифрлық технологияларды енгізудің, емделуші мен оның өмір сапасына баса назар аудара отырып, дәлелді практиканы дамытудың жаңа кезеңіне өтуде.
Жиынға ҚР Ұлттық ғылым академиясының Өмір және денсаулық ғылымдар орталығының басшысы Марлен Есіркепов, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Салидат Қайырбекова атындағы Денсаулық сақтауды дамыту ұлттық ғылыми орталығының басқарма төрағасы Гүлнар Құлқаева, Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Әсия Ақанова қатысып, мейірбике ісін жаңа талаптарға сай жетілдіру бойынша ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.
Халықаралық мейірбике күніне орай ұйымдастырылған іс-шара аясында медицина және денсаулық сақтау факультетінің оқытушылары Құрмет грамоталарымен марапатталып, үздік студенттерге ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
Бұдан әрі жаһандық денсаулық саласындағы жетекші мамандар, ғалымдар, әлемнің түрлі елдерінің сарапшылары өзекті тақырыптарда баяндама жасады. Жиналғандар мейірбикелік білім мен ғылымды дамыту, мейірбике қызметкерлерінің денсаулық сақтау жүйесіндегі рөлі, ем алушыларға күтім жасаудағы инновациялық тәсілдер, жасанды интеллект қолдану арқылы денсаулық сақтауды трансформациялау және кәсіби өзара іс-қимылды нығайту жөнінде ой талқылап, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


