Ұлттық тарихты сақтау мен зерттеудегі фотосуреттің рөліFarabi University

51

Ұлттық тарихты сақтау мен зерттеудегі фотосуреттің рөлі

6 мамыр, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев «Ұлттық тарихты сақтау мен зерттеудегі фотосуреттің рөлі» тақырыбындағы дөңгелек үстел отырысына қатысты.

Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар және дыбыс жазбалар архивінде өткен іс-шара Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанай Омаровтың 70 жылдығына арналды.

Дөңгелек үстел отырысына мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі фотографтар, жазушылар мен режиссерлар, БАҚ өкілдері, архив саласының майталмандары жиналды.

Мақсат – кино және фотоқұжаттардың мұрағатта сақталуы мен зерттелуі, сондай-ақ маңызы турасында ой талқылау. 

Шарада ҚазҰУ басшысы Жансейіт Түймебаев сөз сөйлеп, мерейтой иегерін мерейлі жасымен құттықтады. «Жанай Сейітжанұлы – елдің дамуына сүбелі үлес қосқан көрнекті қаламгер-публицист әрі тәжірибелі медиаменеджер. Республикамыздың басқарушы орындарында, беделді ақпарат құралдарында жауапты міндеттерді іске асырып, жоғары біліктілікті көрсетті. Қоғам игілігіне бағытталған бастамаларды үйлестіріп, межелі белестерді бағындырды. Жанай Омаровтың ел дамуына қосқан үлесі, мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі ерен еңбегі әрдайым жоғары бағаланады», – деді ректор.

Жиын барысында Жанай Омаровтың «Қазақ әдебиеті: фотошежіре (екінші бөлім) 1980-2020 жылдар» атты фотоальбомының таныстырылымы өтті. Сондай-ақ ертедегі қазақ халқының және 1990 жылдардағы қазақ әдебиетінің тарихына арналған фотокөрме ұйымдастырылды.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі