Медициналық-педагогикалық қолдау: инклюзивті білім берудің тиімді жолы

ҚазҰУ-да 2020 жылы «Инклюзивті білім беруді медициналық-педагогикалық сүйемелдеу» бағдарламасы жүзеге асып, осы мамандық бойынша оқуға түлектер қабылдана бастады. Мамандық қазіргі білім беру жүйесіндегі ең маңызды бағыттардың бірі. Инклюзивті білім беруді медициналық-педагогикалық сүйемелдеу ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды түсініп қана қоймай, оларды дамыту үшін қолайлы орта құруға белсенді қатысуға мүмкіндік береді.
Медициналық-педагогикалық қолдау медицина, педагогика және психология салаларындағы білімді біріктіреді. Ол арқылы біз балалардың физикалық және психологиялық жағдайын талдап түсінуді, жеке білім беру маршруттарын әзірлеуді және әр балаға жақсы жағдай жасау үшін мұғалімдермен және ата-аналармен ынтымақтастықты үйренеміз.
Медициналық-педагогикалық сүйемелдеу балаларға көмек беріп қана қоймай, сонымен қатар әр баланың білім алуға және лайықты болашаққа құқығы бар инклюзивті қоғамның дамуына нақты үлес қосуға жол ашады. Сонымен қоса оны қоршаған барлық адамдарды – мұғалімдерден бастап, сыныптастарына дейін осы процеске тарту маңызды.
Осы мамандық бойынша оқу көптеген ерекше сабақтармен таныстырады және де көп түрлі бағытта (практикалық) білім алуға мүмкіндік туғызады. Инклюзивті білім беруді медициналық-педагогикалық сүйемелдеу бағдарламасының үйлестірушісі – ҚазҰУ-дың педагогика ғылымының докторы Анар Бекетбайқызы. Жан-жақты медициналық білімнің қалыптасуына Санжар Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың білім беру бағдарламалары үлкен септігін тигізеді. «Балалық шақтағы функционалды (невротикалық) бұзылулар», «Жүйке жүйесі ауруларымен жүргізілетін медициналық оңалту жұмысы» дисциплиналары бойынша ҚазҰМУ доценті Гүлнар Мұхамбетова сабақ жүргізді. Бұл сабақтардан ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды жалпы білім беретін мектептерге сәтті біріктірудің маңызы және басқа да көмек жүйесі әр баланың өз әлеуетін жүзеге асыра алатын жағдайларды жасауға бағытталған медициналық және педагогикалық аспектілерін анықтай отырып, жаңа технологиялар бойынша сабаққа балаларды қалай кіріктіруге болатынын білдік. Сондай-ақ медициналық-педагогикалық қолдаудың құрылымы мен функцияларын, осы процеске қатысатын мамандардың негізгі міндеттерін қарастырдық.
Инклюзивті білім барлық балаларға физикалық, интеллектуалдық немесе эмоционалдық ерекшеліктеріне қарамастан, тең мүмкіндіктер беруге бағытталған. Бұл басқа оқушылармен тең дәрежеде жалпы білім беру процесіне ерекше білімді қажет ететін балаларды қосуды білдіреді. Алайда инклюзивті тәжірибені сәтті жүзеге асыру түрлі профилдегі мамандардың кешенді қолдауын қажет етеді. Медициналық-педагогикалық сүйемелдеу ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға да, олармен жұмыс істейтін мұғалімдерге де қажетті көмекті қамтамасыз етеді.
Қорыта келе айтарымыз, медициналық-педагогикалық сүйемелдеу – инклюзивті білім беруді табысты іске асырудың ажырамас бөлігі. Ол арқылы ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушыларға кешенді қолдау көрсетеді, олардың білім беру ортасына интеграциялануына ықпал етеді және үйлесімді дамуына жағдай жасайды. Болашақта осы мамандықты дамыта отырып, дәрігерлер, педагогтар мен психологтар арасындағы өзара іс-қимыл белсенді жүзеге асып, әр баланың дамуына бағытталған инклюзивті оқытудың тиімді жүйесін құруда үлкен септігін тигізеді.
Анар МҰҚАШЕВА,
педагогика ғылымының докторы
Әсел ДАРХАН,
«Инклюзивті білім беруді
медициналық-педагогикалық сүйемелдеу» оқу бағдарламасының
2-курс магистранты
Басқа жаңалықтар

