.jpeg)
28 сәуір 2025 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетінде Қазақстан халқының бірлігі күні мен факультеттің 70 жылдығына арналған «Бірлік пен татулық – ел тірегі» атты мерекелік іс-шара жоғары деңгейде өтті. Іс шараны заң факультетінің кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасы, кафедра меңгерушісі Куаналиева Г.А., топ кураторлары Есекеева А., Бакиров Д., Жапаков С., Конысбай Б. және 1,3-курс студенттері ұйымдастырды.
Іс-шараның мақсаты – Қазақстандағы ұлтаралық татулық пен келісімнің маңыздылығын дәріптеу, әртүрлі этностар мен мәдениеттер арасындағы өзара сыйластық пен ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ көпұлтты қоғамымыздың бірлігін көрсету болды.
Мерекелік жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылып, барша қатысушылардың орындауымен ерекше салтанатты атмосферада басталды.
Шара барысында заң факультетінің деканы Уалихан Ақыпбекұлы Ахатов құттықтау сөз сөйлеп, факультеттің 70 жылдық жетістіктері мен ұлттар достығының маңызына тоқталды.
Мерекелік бағдарлама аясында түрлі этностардың ұлттық киімдерін киген студенттер өз тілдерінде жылы лебіздерін білдіріп, бірлік пен ынтымақты паш етті. Әр ұлттың өкілдері қазақ, қырғыз, өзбек, түрік, орыс, кәріс, үнді, қытай, жапон тілдерінде достық пен бейбітшіліктің маңыздылығын айтты.
Іс-шарада ұлттық әндер мен билер орындалып, көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады. Қазақтың әйгілі "Қара жорға" биіне барлық қатысушылар жұмыла қатысып, бірліктің шынайы үлгісін көрсетті. Сонымен қатар қырғыз, өзбек, түрік ұлттарының өнерпаздары өздерінің ұлттық ән-билерімен көрермендерді тәнті етті.
Мерекелік іс-шараның интерактивті бөлімінде студенттер «Бірлік бізге жарасады» атты қызықты викторинаға қатысып, білімдерін сынады. Жеңімпаздарға шағын сыйлықтар тарту етілді.
Іс-шараның ерекше сәттерінің бірі – "Достық дастарханы" қойылымы болды. Әртүрлі ұлт өкілдері ортақ дастархан басында бас қосып, өзара сыйластық пен достықтың маңыздылығын тағы бір мәрте көрсетті.
Мерекелік кеш қазақтың ұлттық күйімен аяқталды. Барша қатысушылар қолдарына Қазақстан туын ұстап, "Атамекен" әнін бірге шырқап, еліміздегі бейбітшілік пен ынтымақтың мәңгілік болуын тіледі.
Іс-шараға университет басшылығы, студенттер, ардагер ұстаздар, арнайы қонақтар, шетелдік студенттер, БАҚ өкілдері және әртүрлі этномәдени бірлестіктердің мүшелері қатысты.
Бұл мерекелік іс-шара – ұлтаралық татулықтың, достықтың және бірліктің Қазақстанның тұрақты дамуы мен жарқын болашағы үшін маңыздылығын тағы да бір рет дәлелдеді.
Басқа жаңалықтар

