ТДМ-16: «Psycho Express» аль-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Абай атындағы ҚазҰПУ-да өттіFarabi University

51

ТДМ-16: «Psycho Express» аль-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Абай атындағы ҚазҰПУ-да өтті

23 сәуір, 2025

2025 жылғы 23 сәуірде  «Қауіпсіз орта» үйлестіру кеңесінің жобасы аясында «Psycho Express» атты психологиялық экспресс-консультация форматындағы ауқымды іс-шара өтті. 

Іс-шараның негізгі мақсаты - студенттер арасында психологиялық жайлы орта қалыптастыру, жастардың психологиялық әлеуеті мен мәдениетін арттыру, сондай-ақ ЖОО-лардағы психологиялық қолдау қызметі мамандары арасында тәжірибе алмасу болды.

Іс-шараға еліміздің жетекші жоғары оқу орындарынан келген Психологиялық қолдау қызметінің жетекші мамандары қатысты. Олардың қатарында: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, ҚБТУ, ХАТУ, Almaty Management University, Astana International University, Karaganda Buketov University, Zhetysu University, Satbayev University, ALT University, Құрманғазы атындағы ҚҰК, Л.Б. Гончаров атындағы ҚазАЖИ, АГЭУ, Т. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, Халықаралық білім беру корпороциясы, ҚазҰҚПУ бар.

Шара барысында университет студенттеріне арт-терапия, психоанализ, когнитивті-мінез-құлық терапиясы, гештальт-терапия, метафоралық ассоциативті карталар, интегративті би-қозғалыс терапиясы, рилив-терапия, нейрографика және профайлинг бағыттары бойынша экспресс-консультациялар жүргізілді. Бұл әдістер студенттердің ішкі ресурстарын ашуға, эмоциялық күйзелістен шығуға және өз-өзімен жұмыс істеу дағдыларын дамытуға бағытталды.

Сонымен қатар, іс-шара аясында «Гэмблинг жастардың мінез-құлқының бұзылуының бір түрі ретінде: оның алдын алу және психологиялық-педагогикалық қолдаудың заманауи стратегиялары» тақырыбында психологиялық семинар өтті.

Семинарды психология ғылымдарының докторы, Жалпы және қолданбалы психология кафедрасының профессор-зерттеушісі Ольга Тапалова, Abai University докторанты, практик-психолог Нұргүл Сүйіндікова және психолог, магистрант Санам Ахатова жүргізді.

Семинар барысында «гэмблинг» ұғымы, құмар ойындарға тәуелділіктің түрлері мен себептері, оның салдары туралы теориялық мәліметтер ұсынылды. Сонымен қатар қатысушыларға стрессті басқару, эмоцияны реттеу және когнитивті қайта құрылымдау секілді практикалық жаттығулар таныстырылды. Семинар соңында қатысушыларға Abai University Психологиялық қолдау қызметінің https://senim-kaznpu.kz/ онлайн платформасы таныстырылып, оның функциялары мен артықшылықтары түсіндірілді. Бұл цифрлық платформа студенттердің уақытылы және сапалы психологиялық көмек алуына мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, іс-шараға қатысқан 300-ге жуық студент өздерін толғандырған сұрақтарға кәсіби жауап алып, тұлғалық дамуға бағытталған бірегей әдістемелермен танысты. Қатысушыларға Психологиялық қолдау қызметі мен онлайн платформа жайлы ақпараттық визиткалар таратылды, «Psycho Express» психологиялық экспресс-консультация іс-шарасы студенттердің психологиялық әл-ауқатын жақсарту мен қауіпсіз және қолайлы оқу ортасын құруда маңызды қадам болып табылады.