- Басты бет
- Жаңалықтар
- Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні: "Еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасындағы төңкерістік тәсілдер: жұмыс орындарындағы жасанды интеллект (ЖИ) пен цифрландырудың рөлі"
Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні: "Еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасындағы төңкерістік тәсілдер: жұмыс орындарындағы жасанды интеллект (ЖИ) пен цифрландырудың рөлі"
28 сәуір — бүкіл әлемде еңбекті қорғау және өндірістегі қауіпсіздікті арттыру мәселелеріне назар аударатын маңызды күн. Бұл күн еңбеккерлердің өмірі мен денсаулығын сақтау қажеттігін тағы бір мәрте еске салады. Еңбек адамы — кез келген мемлекеттің даму негізі. Сондықтан олардың қауіпсіздігі мен әл-ауқаты баршамыз үшін басты басымдық болуы тиіс.
Әрбір адамның еңбек ету құқығы Конституциямен және халықаралық нормалармен қорғалған. Бірақ тек еңбек ету ғана емес, оны қауіпсіз жағдайда орындау құқығы да ерекше маңызды. Қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету — өндірістегі жазатайым оқиғалардың, кәсіби аурулардың алдын алудың негізгі жолы. Бұл мәселені елемеу адами шығындарға, экономикалық шығындарға және әлеуметтік тұрақсыздыққа әкелуі мүмкін.
Дүниежүзілік еңбекті қорғау күнін атап өту бастамасы 2003 жылы Халықаралық еңбек ұйымы тарапынан көтерілді. Бұл күн алғашында еңбек барысында қаза тапқан жұмысшыларды еске алу күні ретінде басталған. Кейіннен ол еңбекті қорғау мәдениетін нығайтуға және қауіпсіз еңбек ортасын қалыптастыруға арналған жаһандық қозғалысқа айналды.
Қазіргі таңда өндірістегі қауіпсіздік мәселелері ерекше өзекті. Әлем бойынша жыл сайын миллиондаған адам жұмыс орнында жарақат алып, кәсіби ауруларға шалдығады. Кейбір жағдайларда бұл қайғылы өлімге де әкеледі. Әсіресе құрылыс, тау-кен, өнеркәсіп сияқты қауіпті салаларда қауіпсіздік талаптарын сақтау ерекше маңызды. Қазақстанда да еңбекті қорғау саласында көптеген реформалар жүргізілуде, бірақ жұмыс берушілер мен қызметкерлер арасында қауіпсіздік мәдениетін дамыту әлі де өзекті болып отыр.
Технологиялық даму еңбек қауіпсіздігін жаңа деңгейге шығаруда. Сандық технологиялар, жасанды интеллект, тәуекелдерді автоматты түрде болжау жүйелері — өндірістік қауіпсіздікті арттыруға ықпал етеді. Алайда адам факторы ешқашан назардан тыс қалмауы керек. Әрбір қызметкердің еңбекті қорғау ережелерін түсініп, оны орындауы — негізгі кепілдік.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының «Қоршаған ортаны қорғау және өмір тіршілігінің қауіпсіздігі» мамандығының 1 курс магистранттары мен педпрактика жетекшісі ұйымдастыруымен еңбекті қорғау күніне орайластырылған «Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні» атты гибрид форматта халықаралық дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға оқытушылар, студенттер мен қонақтар қатысты.
Д.А.Қонаев атындағы тау-кен институтының директоры Утешов Ержан Тұрсынұлы, ғылыми жұмыс бойынша директордың орынбасары Шабельников Евгений Алексеевич, ғылыми хатшы Бояндинова Асия Адылкановна, өндірістік қауіпсіздік бөлімінің басшысы Колотаев Артем Михайлович, «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» КЕАҚ құрылымдық бөлімшесінен Азаматтық қорғаныс, еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі бөлімінің басшысы - Маймақов Арман Таужанұлы, бөлімінің басшысының Қадырбаев Марат Абдыханұлы, Азаматтық қорғаныс, еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі бөлімінің бас маманы Мухаметкаримов Амантай Ғафизұлы. Шетелдік қонақ - Дамус O. Гаити университетінің профессоры, Лаваль университетінің (Канада) шақырылған профессоры, Шербрук университетінің қауымдастырылған профессоры, Anthropologie des savoirs des Suds халықаралық ғылыми журналының бас редакторы, сондай-ақ Париждегі ЮНЕСКО штаб-квартирасында сарапшы.
Дөңгелек үстелге қатысушы қонақтар бұл іс-шараның өндіріс орындарында адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мамандықтарын таңдаған студенттер мен магистранттар үшін маңыздылығын атап өтті. Шабельников Е. А., Колотаев А. М. Өндірістік қауіпсіздікті жетілдіру мақсатында жасалып жатқан ғылыми жобалары туралы маңызды ақпараттарымен бөлісті.
Шараны ұйымдастырушы магистранттар - Серіков Ануар, Койлибаева Акерке, Мынжасов Даулет, Утепова Назгүл, Нурбекова Жансая, Зиағаділ Жігер және Жұмабекова Айжан. Ұйымдастырушылар іс-шараны қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жүргізіп отырды.
Екінші бөлімге осы сала бойынша біліммен сусындап жатқан жас мамандардың қауіпсіздік мәселесіне деген қызығушылығын арттыру мақсатында қызықты ойындар әзірленді. Студенттердің білімдері сыналып, шыңдалып, бәсекеге төтеп бере білгендер жүлдеге ие болды. Жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар, сертификаттар табыс етілді.
Шараның мотивациялық күші - жас ұрпақтың мамандыққа қызығушылығын арттырудың ең басты құралы және қызметке ынталандырудың бірден-бір кілті. Осы орайда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті студенттерді «Ынталандыру – жетістік кепілі» атты ұстанымды қолдайды.
Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні – бұл тек бір күндік іс-шара емес, ол жұмыс орындарында қауіпсіздік мәдениетін күн сайын дамыту қажеттігін еске салады. Әрбір қызметкердің өмірі мен денсаулығы – ең қымбат құндылық. Қауіпсіз еңбек жағдайын жасау – мемлекет, жұмыс берушілер және жұмысшылардың ортақ жауапкершілігі. Баршамыздың міндетіміз – "Еңбек қауіпсіздігі – өмір кепілі" деген қағиданы берік ұстану.
Қожахан Айгүл Кәріпжанқызы: Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қауымдастырылған профессоры, техн. ғыл. канд.Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасы
Басқа жаңалықтар


