ГК КУБОГЫ 2025: ЖЕҢІСТЕР ЖӘНЕ ШЫНАЙЫ РУХ!

26.04.2025 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Геодезия және картография кафедрасында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын "ГК Кубогы" аясында футболдан турнир өтті. Турнирге кафедраның барлық курс студенттері белсенді қатысып, өздерінің спорттық шеберліктерін, ұйымшылдықтарын және жеңіске деген құштарлықтарын көрсетті. Іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне кафедрамыздың беделді профессоры, білім мен спортты қолдаушы Әліпбекі Оңғарбек ерекше үлес қосты. Оның қолдауы студенттерге үлкен рух беріп, әр ойынның қызықты әрі әділ өтуіне септігін тигізді.
Турнир қорытындысы бойынша І орынды "Геодезия және картография" мамандығының 3-курс студенттері жеңіп алды. Олар техникалық шеберлікті, алаңдағы өзара түсіністікті және тактикалық дайындықты жоғары деңгейде көрсетті. ІІ орынды 2-курс студенттері иеленді, олар да табандылығымен және ынталы ойынымен ерекшеленді. Ал ІІІ орынды 1-курс студенттері жеңіп алып, жас та болса өздерінің зор әлеуетін дәлелдеді. Сонымен қатар, турнир барысында ерекше көзге түскен ойыншылар арнайы номинациялармен марапатталды: үздік ойыншы атағы Шакидоллаев Айболатқа берілсе, үздік қақпашы болып Мажид Мағжан танылды. Үздік қорғаушы атағын Жездібаев Мұхаммедали иеленсе, үздік шабуылшы атағы Заманкбек Аянға бұйырды.
Бұл турнир кафедра студенттерінің тек академиялық білімде ғана емес, сонымен бірге спорттық және әлеуметтік белсенділікте де мықты екендігін көрсетті. Іс-шара студенттердің бір-біріне қолдау білдіру, мақсатқа жету жолында бірлесіп жұмыс істеу дағдыларын дамытуға ықпал етті. Барлық қатысушыларға алғысымызды білдіреміз және алдағы уақытта да дәстүрлі турнирлерді үздіксіз өткізіп, жаңа жеңістер мен жетістіктерге бірге жетеміз деп сенеміз.
Басқа жаңалықтар

