ТДМ-4: «XX ғасырдың алғашқы жартысындағы әдебиеттегі жанрлық-тақырыптық және идеялық-мазмұндық ерекшеліктері» атты ашық дәріс және семинар сабағы өткізілдіFarabi University

51

ТДМ-4: «XX ғасырдың алғашқы жартысындағы әдебиеттегі жанрлық-тақырыптық және идеялық-мазмұндық ерекшеліктері» атты ашық дәріс және семинар сабағы өткізілді

26 ақпан, 2025

2025 жылдың 26 ақпан күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 4-ТДМ «Сапалы білім» бағыты аясында «XX ғасырдың алғашқы жартысындағы әдебиеттегі жанрлық-тақырыптық және идеялық-мазмұндық ерекшеліктері» атты ашық дәріс сабағы мен “20–30 жылдардағы әдебиеттің өзіндік ерекшеліктері және әдеби ізденістер” тақырыбында ашық семинар сабағы жоғары деңгейде өтті.

Аталмыш іс-шараны әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультеті қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының профессоры, ф.ғ.д. Ө. Әбдиманұлы мен аға оқытушы, ф.ғ.д. Г.Ж. Болатова, педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының доценті, пед.ғ.к. Б.И. Иманбекова, сондай-ақ жалпы және қолданбалы психология кафедрасының профессоры м.а., психол.ғ.к. Н.С. Жұбаназарованың жетекшілігімен «7М02313 – Қазақ филологиясы» білім беру бағдарламасының 1-курс магистранты А.Н. Әбділәшім ұйымдастырды.

Ашық дәріс пен семинар сабағында XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің даму үдерісі мен идеялық-көркемдік бағыттары, әдеби жанрлардың қалыптасу динамикасы мен тақырыптық ерекшеліктері кеңінен қарастырылды. Әдебиет тарихындағы прозалық шығармалардың орны, роман мен повестерге тән жанрлық белгілер,  поэзиядағы көркемдік-идеялық ізденістер мен ұлттық идея мәселелері терең талданды.

Магистрант дәстүрлі түсіндіру тәсілдерін жаңа педагогикалық технологиялармен шебер ұштастырып, көрнекілік құралдар мен мультимедиалық ресурстарды тиімді пайдаланды. Сонымен қатар интерактивті сұрақ-жауап, мәтінмен жұмыс, шағын топтық тапсырмалар секілді әдістер арқылы студенттердің пәнге деген қызығушылығын арттырып, шығармашылық тұрғыда ойлануға мүмкіндік берді. Ашық семинар соңында студенттер XX ғасырдың алғашқы жартысындағы қазақ әдебиетінің тарихи-мәдени контексін қазіргі замандағы ұлттық идеялармен сабақтастыра отырып, тақырыптың өзектілігі мен маңыздылығын өз ойларымен дәлелдей білді. Сабақ барысында студенттердің белсенділігі, әдеби талдау жасау қабілеті, дербес ой айтуы – болашақ әдебиеттанушылардың қалыптасып келе жатқанын көрсетті.

Аталған ашық дәріс пен семинар сабағы — ұлттық әдебиетті терең меңгеруге бағытталған тың тәжірибе ретінде бағаланып, 4-ТДМ сапалы білім беру мақсатына сәйкес табысты ұйымдастырылған іс-шара ретінде танылды.