Жастар мен қоғам: Нью-эйдж ағымдарына сыни көзқарас

2025 жылғы 22 сәуір күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Философия және саясаттану факультетінде ерекше форматтағы ашық дәріс пен семинар өтті. “Қазіргі діни ағымдар мен культтер” пәні аясында ұйымдастырылған бұл іс-шараның тақырыбы – «Заманауи қоғамдағы нью-эйдж ағымдары мен культтері».
Аталған шараны Исламтану мамандығының 1 курс магистранты Дәуренбек Нарұл өткізді. Ашық семинарда қазіргі замандағы діни ізденіс пен рухани бос кеңістіктің нәтижесінде пайда болған нью-эйдж бағыттары, олардың идеологиясы, практикалық әсері мен қоғамға тигізіп жатқан ықпалы кеңінен талқыланды
Семинар барысында тек теориямен шектелмей, тыңдаушылардың қызығушылығын арттыру мақсатында Quizizz платформасы арқылы викторина ойнатылды. Бұл – студенттер тарапынан қызу қолдауға ие болды. Тақырыпты қаншалықты меңгергенін тексеріп, танымдық әрі көңілді форматта өткен бұл бөлім кері байланыс рөлін атқарды. Жүлделі орындарға ие болған үш студентке кішігірім сыйлықтар табысталды, бұл білім жарысын одан әрі қызықтыра түсті.
Ашық дәріс философия ғылымдарының кандидаты Ж. О. Қаңтарбаева жетекшілік ететін педагогикалық практика аясында өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай семинарлар тек академиялық білім берумен шектелмей, студенттердің сыни ойлауын дамытып, дін және қоғам тақырыбында тереңірек ойланып, жауапкершілікпен қарауға жол ашады.
Семинар өткен орын – Халықаралық қатынастар факультетінің 116 дәрісханасы – жастардың белсенді диалог алаңына айналды. Жаһандану дәуіріндегі рухани ізденіс, жалған діндер мен манипулятивті культтер жайлы түсінікті арттыру – қазіргі қоғам үшін аса өзекті мәселе екені айқындалды.
Бұл ашық дәріс – болашақ исламтанушылардың ғылыми-практикалық машығын шыңдауға ғана емес, жалпы университеттік рухани орта қалыптастыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.
Басқа жаңалықтар

