Ұстаз – ұлы есім: профессор У.У. Абылкаировтың мерейтойы

Механика-математика факультетінің тарихынан ойып тұрып орын алар тұлғалар туралы сөз қозғасақ әңгімеміз таусылмайтыны айдан анық. Сол тұлғалардың ішінен өзіміздің ұстазымыз, көрнекті ғалым – Абылкаиров Ундасын Утегеновичты де көреміз. Өмір жолында Отандық ғылым мен білімді дамытуға қажырлы еңбек еткен ұстазымыз, әлі де кенже қалған жоқ. Математикалық талдау, комплекс айнымалы функциялар теориясы, жалпылама функциялар және олардың қолданылулары, Соболев кеңістігінің теориясы, эллипстік теңдеулер, Навье-Стокс теңдеулер теориясы, математикалық физика есептері үшін компактілік және монотондық әдістері, математикалық физиканың шеттік есептерін шешудің функционалдық әдістері пәндерінен дәріс оқып, сонымен қатар осы салада ғылыми жұмыстармен айналысты.
Халқымызда “Еңбегі жоқ ғалым — Ыстығы жоқ жалын” деген, ал қазірде 75 жасқа толып жатқан асыл ұстазымыз еңбектенуден ешқашан жалыққан емес. Оған дәлел, біздің үлгі тұтар ұстазымыздың отандық және шетелдік басылымдарда 70-тен астам еңбегі жарық көрген. Еңбек деген тек қана шығарылған мақалалар емес, сонымен қатар ағайымыз білім нәрімен сусындатқан қаншама студент бар, оның ішінде қазіргі отандық ғылымды ілгері жылжытып жатқан математиктер, Ундасын Утегеновичтың жетекшілігінде болған А. Тәңірбергенов, С. Айтжанов, Х. Хомпыш, А. Абиев, Д. Ахмед-Заки, Қ.Шамшиденов. Ұстазымыз студенттеріне тек білім ғана емес, сонымен қатар адамгершіліктің ақ жалауын құлатпауды да насихаттап отырды, оған өзі де үлгі бола білді. Осы орайда “Мұғалімнің бүкіл мақтанышы - шәкірттерінде, өзі шашқан ұрықтарының өсіп-өнуінде” – деген Д. Менделеев сөздері еске түсіп отыр, аталмыш шәкірттерінің қазіргі жетіп жатқан жетістіктері – ұстаз мерейін үстем етпесе, кем қылмақ емес.
Осы орайда ұстазымызды 75 жас мерейлі мерекесімен құттықтаймыз! ылым мен білім саласына қосқан зор үлесіңіз ұрпақтар жадында мәңгі сақталады. Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, еңбегіңізге жеміс тілейміз!
Сөзіміздің соңын Мұхтар Әуезовтың сөзімен аяқтағанымызды жөн көрдік: “Ұстаз – ұлы есім!”
Иманбердиев Канжарбек,
Математика кафедрасының меңгерушісі
Мухамбеткалиев Мурат,
Математика кафедрасының оқытушысы
Басқа жаңалықтар


