- Басты бет
- Жаңалықтар
- Farabi University магистранттары Халықаралық Эйфель стипендиясының лауреаттары атанды!
Farabi University магистранттары Халықаралық Эйфель стипендиясының лауреаттары атанды!

Механика-математика факультетінің механика кафедрасында жүзеге асырылатын «7М05405 - Механика және энергетика» қос дипломды білім беру бағдарламасының магистранттары Карлина Елизавета (1-курс) мен Момыш Назерке (2-курс) беделді «France Excellence Eiffel Scholarship Program 2025» халықаралық бағдарламасының жеңімпаздары атанып, Эйфель стипендиясына ие болды.
Францияның Сыртқы істер және халықаралық даму министрлігі қолдайтын бұл бағдарлама аясында әлемнің түкпір-түкпірінен қатысқан үміткерлер арасынан барлығы 350 студент (магистратура және PhD деңгейі бойынша) стипендия иегері атанды. Солардың ішінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ механика кафедрасының атынан қатысқан Карлина Елизавета мен Момыш Назерке де бар екенін мақтанышпен айтамыз!
Момыш Назерке — Қазақстаннан алғашқылардың бірі болып PhD деңгейінде Эйфель грантын жеңіп алған студент. Бұл бағытта байқауға қатысқан 8 үміткердің ішінен тек 2 студент өткен, оның бірі — біздің Назерке! Ал Карлина Елизавета Францияның LEMTA ғылыми-зерттеу лабораториясының атынан магистратура бағдарламасына қатысып, 17 үміткердің арасынан үздік сегіздікке еніп, стипендияға ие болды.
Айта кетерлігі, 2024 жылы Қазақстаннан алғаш рет Эйфель магистратура стипендиясын механика кафедрасының 1-курс магистранты Абдидин Алина иеленген болатын. Бұл — кафедра мен университет үшін зор жетістік!
Эйфель стипендиялық бағдарламасы — Францияның Еуропа және Сыртқы істер министрлігі қолдайтын, шетелдік талантты студенттерді магистратура және докторантура деңгейінде француз жоғары оқу орындарына тартуға арналған беделді халықаралық жоба. Бағдарлама аясында магистранттар ай сайын 1250 еуро, ал докторанттар 1800 еуро көлемінде шәкіртақы алады.
Стипендия иегерлері Момыш Назерке мен Карлина Елизавета ҚазҰУ профессоры, техника ғылымдарының кандидаты Ержан Келесович Беляев пен Францияның Лотарингия университетінің профессоры Оливье Ботелланың ғылыми жетекшілігімен зерттеу жұмыстарын жалғастырады деп жоспарлануда.
Аталған жетістік БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының (ЦУР) бірнеше бағытына – атап айтқанда, Сапалы білім (ЦУР 4), Жаһандық әріптестік (ЦУР 17) және Гендерлік теңдік (ЦУР 5) мақсаттарына толық сәйкес келеді. Бұл табыс – тек университетіміздің ғана емес, жалпы Қазақстан ғылымының халықаралық беделінің артуына қосылған үлес.
Білім мен ғылымды қатар алып жүрген қыздарымызды, сондай-ақ оларға бағыт-бағдар беріп отырған жетекшілерін шын жүректен құттықтаймыз! Бұл – Farabi University мен механика кафедрасының халықаралық деңгейдегі беделін арттыра түсетін маңызды жетістік!
Механика кафедрасының меңгерушісі, доцент Д.Е. Туралина
Басқа жаңалықтар

