Қонақ лекция: «Шекарасыз ғылым: халықаралық конференциялар және тревел-гранттар»Farabi University

51

Қонақ лекция: «Шекарасыз ғылым: халықаралық конференциялар және тревел-гранттар»

11 қараша, 2024

 

2024 жылғы 11 қарашада әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетінде магистранттар мен докторанттарға арналған «Writing» ғылыми-зерттеу үйірмесінің ашық отырысы өтті. Шара жас зерттеушілердің халықаралық ғылыми конференцияларға қатысуы мен тревел-гранттарға өтініш беру мүмкіндіктеріне арналды.

Спикер ретінде социология ғылымдарының Ph.D докторы, Astana IT University оқу орнының сеньор-лекторы, тәуелсіз зерттеуші, ғылыми елші және Expertbar.kz сараптамалық желісінің тең құрылтайшысы — Кусманова Әсем Ғалымқызы сөз сөйледі.

Әсем Ғалымқызы халықаралық конференцияларға дайындықтың нақты қадамдарын, тревел-гранттарды таңдау критерийлерін және өзінің ғылыми мобильділік тәжірибесін бөлісті. Сонымен қатар, ғылыми өтінімдер, аннотациялар, мотивациялық хаттар жазу және ғылыми ортада тиімді байланыс орнату мәселелеріне баса назар аударды.

Лекцияда халықаралық зерттеулер мен академиялық мобильділіктің Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) қол жеткізудегі рөлі де талқыланды:

  • ТДМ 4 (Сапалы білім беру) – халықаралық академиялық алаңдарға қатысу жас ғалымдарға жаһандық тәжірибеге қол жеткізуге мүмкіндік беріп, білім мен зерттеу сапасын арттырады;
  • ТДМ 10 (Теңсіздікті азайту) – тревел-гранттар дамушы елдердегі зерттеушілердің мүмкіндіктерін кеңейтеді, академиялық теңсіздікті азайтады;
  • ТДМ 17 (Мақсаттар үшін серіктестік) – халықаралық ғылыми ынтымақтастық тұрақты академиялық және зерттеу серіктестіктерін дамытуға сеп болады.

Бұл дәріс жас зерттеушілер үшін жаһандық академиялық қауымдастыққа қосылуға бағытталған маңызды практикалық ұсыныстар мен мотивация берді.

Ұйымдастырушы: Ақмади М.А., Шеденова Н.У.