ҚазҰУ-да топырақтың ластануын зерттейтін зертхана ашылдыFarabi University

51

ҚазҰУ-да топырақтың ластануын зерттейтін зертхана ашылды

19 шілде, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Ландшафттар деградациясын геоақпараттық талдау зертханасы ашылды.

Аталған зертхана география және табиғатты пайдалану факультетіндегі жаңадан ашылған Тұрақты даму және табиғатты тиімді пайдалану ғылыми орталығында орналасқан.

Зертхананың негізгі мақсаты – табиғи ландшафттар мен жер ресурстарына кері әсерін тигізетін жағдайларды бақылап,  алдын алу шараларын жүргізеді.

Мамандар жерді қашықтықтан зондтау әдісі арқылы немесе гоеақпараттық технологияларды пайдалана отырып, топырақтың ластануын зерттеп, шөлейттену процесін болдырмау мақсатында жұмыс істейді.

Сонымен қатар зертхана ғалымдары климаттың өзгеруін бақылауда ұстап, қоршаған ортаны қорғау бойынша жұмыстар атқаруда. Аталған жұмыстар негізінде ландшафттардың өзгеруіне әкелетін факторларды анықтап отырады.

«Қазіргі таңда ғалымдар климаттың өзгеру жағдайында Қазақстанның Батыс, Оңтүстік және Орталық аймақтарындағы құрғақшылық пен деградация үдерістерін зерттеумен айналысып жатыр. Алдағы уақытта сол аймақтардағы топырақтың шөлге айналу процесін алдын алу бойынша нәтижелер дайындалмақ. Сондай-ақ зерттеу тобы бүгінде жайылым жерлерді ұтымды пайдалану және олардың өнімділігін арттыру бойынша картографиялық модельдер мен ұсыныстар әзірлеуде. Бұл жұмыстар жер ресурсын басқару комитеті мен жергілікті атақарушы органдарға, сонымен қатар фермерлер мен шаруа қожалықтарына өте қажет», - деді география, жерге орналастыру және кадастр кафедрасының меңгерушісі, доцент Айгүл Тоқбергенова.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі