
Сәлем, достар! Менің есімім Орамалова Мөлдір, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Шығыстану факультетінде 3-курста оқимын. Биыл қуанышыма орай академиялық ұтқырлық бағдарламасымен Жапонияда жарты жыл оқып қайтуға мүмкіндік алдым. Токиодан 50 км қашықта жатқан Цукуба деген тып-тыныш, керемет қалада оқыдым. Өзім де шағын қалада туып-өскендіктен, Цукубаның жайбарақат, тыныш өміріне бойым тез үйренді. Алдымен жатақхананың айналасымен танысуды бастадым. Біз тура сакура гүлдей бастайтын кезде барғандықтан, алғаш гүл ашқан сакураны сол жерден көрдім. Содан соң университет кампусын зерделеп қарай бастадым. Кампус өте үлкен екен, бірақ оның ішінде жүрудің өзі бір рақат нәрсе. Орталық алаңында университет үйірмелері өткізетін түрлі шаралар жиі болып тұрады екен. Сонда өткен концерттер кезінде мен жапонның дәстүрлі барабаны тайко үнін алғаш өз құлағыммен естідім. Сондай-ақ, мен көктемде көкшегүлдер гүлдеп, тұтас төбені түгел жауып тастайтын Хитачи саябағындағы таңғажайып жерді көрдім. Саябақта ұйымдастырылған қызғалдақтар көрмесін де көрдім. Түр-түрге бөлінген 260 000 қызғалдақ. Шынымды айтсам, дүниеде осынша қызғалдақ барын білгенде қатты таң қалдым.Жапонияда оқып келуіме мүмкіндік берген университетіме алғысым шексіз. Бұл сапар мен үшін жапонтанушы ретінде үлкен тәжірибе болды. Бұдан да үлкен мақсаттар үшін болашақта Жапонияға тағы да барамын деп үміттенемін.\
Басқа жаңалықтар

