Фараби университеті – ұлттық ойлау жүйесінің алтын ұясы

Тұрсын ЖҰРТБАЙ, жазушы, филология ғылымының докторы:
– Біздің Қазақ ұлттық университетін бітіргенімізге 50 жыл болып қалыпты. Ол кезде оқуға 53 жас түскен едік, курстастарымыздың 29-ы бұ дүниеден өтіп кетті. Марқұмдардың жатқан жері жайлы болсын... Биыл біздің түлеп ұшқан университетімізге 90 жыл толып жатыр екен. Бұл үлкен оқиға. Осы уақыт ішінде оқу ордасы алып университетке айналды. Жұмыстарыңызға жеміс тілейміз. Құрметті Жансейіт Қансейітұлы, бізді қабылдап, сый-сияпат жасап, марапат беріп жатқаныңызға Алла риза болсын. Қара шаңырақ ҚазҰУ-ымыз жаңарып, жасара берсін деген тілек айтқым келеді.
Негізі, оқу орны адамның саналы ғұмырының мағынасын арттырады. «Елу жылда – ел жаңа» дейді біздің халқымыз. Осы уақыт аралығында бір адамның өмірінде екі мемлекет ауысып қана қоймай, сана, көзқарас, білім, талап өзгерді. Біз оқыған кезде осы қазір университет орналасқан аумақ қалың бұта, тоғай болатын. Білім алушылар үнемі тазалап, арық атаулыны аршып, қураған ағашты кесіп, күтім жасайтынбыз. Оқу ордасынан білім алған тұста университетте 14 мың студент болса, қазір 27 мың студент білім алады екен. 500-ден аса білім бағдарламалары бойынша маман иелерін дайындайды екенсіздер. Бұл – заманмен, қоғаммен тең басып ілгерілеу деген сөз. Байқап отырмыз, білім ошағының материалдық-техникалық мүмкіндіктері де, жабдықталуы да жан-жақты өсіп жатыр екен. Осындай тың жаңалықтарды есту, көру – біз үшін үлкен қуаныш. Енді Фараби университеті алдағы 50 жылдықта Әбу Насыр әл-Фараби оқып, білім алған Дамаскі шырағындай жарқырайды деген сенімдемін.
Бұл университет менің бүкіл өмірлік мақсат-мұратымды, жолымды ашқан білім ордасы. Көпшілікпен танысуға, жұртпен араласуға, оқу мен адамгершілік дәрежесін игеруге ықпал еткен осы университет. Әлі күнге дейін есімде, біз мұнда араб тілінде оқыдық. Тек араб тілінде оқимыз деп, бір ай бойы сабаққа бармағанымызды ұмыта қойған жоқпын. Басшылық біздің талабымызды орындап, араб тілін ашқан болатын, соның нәтижесінде біз сирек қордың еңбектерін оқитын болдық. Бірінші курс оқып жүрген кезімде В.И.Лениннің 100 жылдығы келіп қалып, курстық жұмыс ретінде сол кісінің еңбегі туралы жаз деген тапсырма түсті. Мен бұл тақырыпты алмай, «Айқап» журналындағы публицистика» деген тақырыпты қаузап, қазақтың жері, тіл, діл мен дін мәселесін көтерген зерттеу мақаламды жаздым. Содан не керек, жазғы сессия кезінде өзіміздің Ғалия Ибраева «Жұртбаев, сен қайда жүрсің? Байқауда жеңімпаз атанып, 15 сом ақшалай сыйлық ұтып алдың» дегенде, таң-тамаша болғаным бар. Сөйтсем, менің еңбегімді, жазып келген қолжазбамды байқауға жіберіп жүрген ұстазым Қайыржан Бекқожин екен. Оны кейін білдім. Содан ұстазым Қайыржан Нұрғожаұлы күздің бір күнінде мені өзіне шақырды. Біз оны «ақ бас бура» дейтінбіз. Алдына барып едім, амандық-саулықтан кейін: «Сен осы ақынсың ба?» – деді. «Иә, ақынмын» дедім. «Ақындар ақымақ келеді. Ана Сырбайды білесің ғой, ақын ғой. Ақын. Демек, ақымақ. Ана Қалижан Бекқожинді білесің ғой?» «Білем». «Ақын ғой, ақын» (туған інісі ғой). «Ақымақ па, ақымақ. Одан да сен маған шәкірт бол» деді. Мен де сөзге келмей, «болам» дедім. Ендеше бұл жайында тірі жанға айтпайсың. Мені ұстаз еткен Әлекеңдей ұлы ұстаздарым бар еді, мен сол кісілерге қарыздармын. Оларға бүкіл қазақ халқы қарыздар» деді. Мен «Аймауытовты білемін, әңгімелерін оқығанмын. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев...» деп айта бастап едім, «Ешкім естімесін, тірі жанға аузыңды ашпайсың, уақыты келгенде ақталады» деді. Одан кейін «Осы күнге дейін екі шәкірт дайындап едім, біреуі ауылға кетіп қалды, екіншісі құрыды» деп қысқа қайырды. Меніңше, біреуі Зарқын Тайшыбай болуы керек, екіншісі – Әділғазы Рақымжанов. «Енді уақыт аз қалды, шәкірттікке сені дайындаймын» деді. Содан уақыт оздырмай Тауман Амандосовқа алып барды. Ол кісі мені көре салысымен «Жұртбаев, саған жатақхана жоқ» деп маңына жолатқысы келмеп еді, Қайыржан ағай бірден: «Мына бала бүгіннен бастап менің шәкіртім, бұ балада жұмыстарың болмасын» деді. «Жұмыс сол ма, иә». «Болды, болды, Қайреке». Екеуара әңгіме осылай өрбіді.
Амандосов ағайымыз Тұрымтай Дүйсебаеваны шақыртып алды да, «Жұртбаев сабаққа келе ме, келмей ме, шаруаларың болмасын» деді. Мені сабақтан босатып, кітапханаға жіберейін деп тұр ғой, оны ішім сезді. Одан желкелеп Қожакеевке алып келді. Темкең де мені көре салысымен «Әй, Жұртбаев, атақты Жұртбаев тағы да сен бе? Осы сен жүрген жер оңбайды» деп айтып үлгеріп еді, ол кісіге де «Мынау менің шәкіртім, сабаққа келе ме, келмей ме, шаруаларың болмасын» деп нық айтты. Амандосов та, Қожакеев те Бекқожиннің шәкірті ғой, екеуі де ұстазына қарсы келмеді, «Жақсы, Қайреке» деп шығарып салды. Бұл енді маған жақсы болды. Сабаққа Жұртбаев үшін профессор Бекқожин келеді. Рақат. Енді кетуге ыңғайлана беріп едім, желкемнен алды да, Жолдасбековтің кабинетіне алып барды. Өмірбек Арсланұлы орнынан атып тұрып амандасты. Екеуі аз-кем әңгімелесті. Соңынан Бекқожин мені нұсқап, «Әнеукүнгі айтқан бала» деді. Демек, олар алдын ала ақылдасып, келіскен ғой. Содан хатшысын шақырып алып, «Дәулетоваға хат жаз» деп тапсырма берді. Сөйтіп, қазіргі Ұлттық кітапхананың арнайы қорына (ҰҚК) рұқсат алып берді. Содан бірінші курсты бітіргенімде алаштанудан емтихан алды. Көп ұзамай ұстазым ұсталып кетті. Сөйтіп, мен осы жолға, алаштануға ұлы ұстазымның арқасында келгенімді мақтан етемін. Ұлтқа бір керегі шәкірт пен ұстаз деп есептеймін.
Менің бүкіл өмірлік мақсат-жолымды ашқан университетіме дән ризамын. Өзіміз білім алып шыққан журналистика факультетінің негізін 1942-43 жылдары жаңа ғана мен ұстазым деп ризашылықпен еске алып отырған Қайыржан Нұрғожаұлы Бекқожиннің қалағанын осында білім алып жатқан әр шәкірт білуі тиіс. Тауман Амандосов пен Темірбек Қожакеев ол кісінің алғашқы шәкірттері. Мұны сіздер, бүгінгі ұрпақ, біле жүрсін деп айтып отырмын.
1987 жылы 13 қаңтарда ақын Олжас Сүлейменов «Ұстазыңа деген құрметіңді көрсететін кез келді. Алашордашыларды ақтау жөніндегі комиссияның кеңесшісі боласың» деді. Ол кісі ұстазым екеуміздің арамыздағы әңгімеден хабардар еді. 1987-88 жылдары Жоғарғы сотта Алаш мүшелерін ақтау комиссиясының жұмысын жүзеге асырдым. Соттың үкімі шықты. Сөйтіп, Қайрекең бастап кеткен жол бүкіл қазақ интеллигенциясының жүрегі арқылы тәуелсіздікке жол ашып, бүгінгі Алаш идеясын алға ұсынды. Бір айта кетерлігі, біздің ұстаздарымыз социалистік қоғамда өмір сүріп, сол қоғамның ғалым-профессорлары болғанымен, таным-түйсігінде, берген тәлімінде Алаш идеясымен өмір сүрді. Сол идея – мәңгілік идея. Бір айтарым, қазақ халқы бар кезде Алаш идеясы өлмейді және қазақ халқын биік деңгейде көтереді деген ойдамын.
Бүгінгі журналистиканың да, баспасөздің де басты міндеті зор. Ол – ұлттық тәуелсіздікті және ұлттың рухани тәуелсіздік мүмкіндігін сақтап, жүзеге асыру. Бұл ретте өзіміздің алма-матер алтын ұямыз журналистика факультеті алдында тұрған жауапкершілік міндеті де зор. Біз оқып-білім алған осы факультетке қарыздармыз. Университет туы қашанда биік, Фараби университеті ұлттық ойлау жүйесінің алтын ұясы деп есептеймін.
Жоғарыда айтып өттім, біз бірге оқыған 53 жастың ішінде өз мамандығына қиянат жасағаны жоқ. Бәрі де қазақ баспасөзінде, әр деңгейде жұмыс істеді. Біздің арамыздан Асқар Егеубаев, Бақытжан Майтановтай ғылым докторлары шықты. Жүрсін Ерман, Несіпбек Айтұлы сынды қазақ ұлтының идея ұстарлары шықты. Журналистиканың жампозы Жанболат Аупбаев, қазақ журналистерін тәрбиелеген, қырық жыл бойы журналистиканың қыр-сырына баулыған ұстаз Намазалы Омашевты атап өтсем артық бола қоймас. Қалған курстастарым баспасөз саласында, оның ішінде телевидениеде қызмет еткендері көп. Солардың бірі – облыстық телевидениені басқарған Төлеген Берішбаев, өзгелері түрлі салада абыройлы қызмет етті. Мен курстастарым таңдаған мамандығына адал қызмет етті деп санаймын.
Сөз соңында айтарым, қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – ұлттың ойлау жүйесін, ертеңге қанат қағып баратын алар асуын, өткен тарихын болжап зерттеуге мүмкіндік беретін бірегей университет. Егер университеттік білім болмаса, кешегіні, бүгінгіні, ертеңгіні байланыстыра ұштастыратын, соған қозғалыс беретін лайықты мамандар даярланбаса, ондай ұлт ешқашан жоғары деңгейге көтерілмейді. Менің ойымша, Фараби университеті қазақ ұлтының ақыл-ойы, тәрбиесі, ғылымының болашақтағы кепілі болады деп есептеймін. Тоқсан жылдық мерейтойларыңыз құтты, қайырлы болсын. Әр шәкірт қазақ руханиятында ізін, сөзін, адал махаббатын қалдырса екен деп тілеймін.
Гүлзат
НҰРМОЛДАҚЫЗЫ
Басқа жаңалықтар

