 копия.jpg)
(«Qazaq universiteti» газетіне)
Жаңылмай ұлы жолдан, басты арнадан,
Өткен шың, асу бермес асқарлардан.
Үні боп университет маңдайалды,
Тынысын, шежіресін таспалаған.
Тарихтан алып енші, шын бағасын,
Заңғарлар бастауында тұрған асыл.
Тізбектеп күн мен айлар, жылдар легін,
Қаттаған сан кезеңнің жылнамасын.
Өзіңдей талай сырды айта алған кім?
Тағдырын сен де «ұлтшыл» қайталадың.
Өзіңде табы қалған, оты жанған,
Марғасқа, небір дүлдүл, майталманның.
Тар жолда тайғақ кешіп тоналды арман,
Тағдыры талай жастың торда қалған.
Кезінде Желтоқсанның қуғын көріп,
Жабылмай аман қалған зобалаңнан.
Бейнеңді елмен бірге жаңаладың,
Тұлпардай талай топта дараландың.
Келесің жақсылықтың жаршысы боп,
Көзіндей алыптар мен замананың.
Қадірлі басылымсың көбіне үлгі,
Құрметтеп саған әркез төрін берді.
Бар ұжым, ғалым-ұстаз, студент те,
Күтеді асыға әр нөміріңді.
Жас өркен биік мұрат талаптары,
Өзіңнен бастап жолын қанаттанды.
Сыпырып томағасын, жол көрсетіп,
Таныттың тасадағы таланттарды.
Атағы мұхит асқан ғалымды да,
Көк туды желбіреткен нар ұлды да.
Келесің әр мезетті сүйіншілеп,
Жалықпай Әл-Фараби даңғылында.
Мыңдаған жүрекке жол таба алатын,
Жолбасшы, алтын көпір саналатын.
Жана бер, жарқырай бер, шамшырақ боп,
Арқалап ғасырлардың аманатын!
Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ,
Қазақстанның баспасөз, радио және интернет-журналистика саласындағы «Үркер» ұлттық сыйлығының,
Шолохов атындағы халықаралық медальдің иегері
Басқа жаңалықтар


