Соғыс ардагерін Жеңіс күнімен құттықтадыFarabi University

51

Соғыс ардагерін Жеңіс күнімен құттықтады

9 мамыр, 2025

Жеңістің 80 жылдығына орай, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті биыл 101 жасқа толған Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Тамара Александровна Максимованы мерекемен құттықтады.

Тамара Максимова майданда Волоколамск тас жолындағы №5018 ауруханада медбике болған. 1943 жылы мамырда денсаулығына байланысты запасқа шығарылды. Ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Мәскеуді қорғағаны үшін» медалімен марапатталған.

Соғыстан кейін Мәскеудегі тарих-филология институтын бітіріп, ғылым кандидаты дәрежесін қорғап, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 16 жыл ғылыми-педагогикалық қызмет атқарды.

Қартайған шағына қарамастан, Тамара Александровнаның денсаулығы жақсы. Ардагер әжей арнайы құттықтауға келген университет өкілдерін өз үйінде құшақ жая қарсы алды.

Құрметті ардагерді университет басшылығы атынан ҚазҰУ қызметкерлерінің «Парасат» кәсіподағының төрағасы  Талғат Мекебаев  құттықтап, гүл шоқтары мен сыйлықтар табыс етті. Майданда көрсеткен ерлігіне, білім ордасында атқарған елеулі еңбегіне алғыс айтып, ізгі тілегін білдірді.

Соғыс ардагері туған университетіне көрсеткен ілтипаты үшін алғыс айтып, соғыс жылдарындағы қиын кезеңдерді, майдандастарымен бірге өткерген ауыр сынақтарды еске алды.

Қарт ардагер университетте оқытушылық қызметте жүрген кезеңдеріне тоқталып, білім ордасындағы әріптестері мен шәкірттері туралы жылы лебізін білдірді.

Тамара Максимова ұзақ өмір сүрудің сырымен бөлісіп, «Ерінбей еңбек етіп, өмірдің әр сәтін бағалай білу қажет. Ең бастысы – адамдарға керек екеніңді сезіну. Барша қазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтаймын!» – деп ізгі ниетін білдірді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі