Киберқылмысқа қалай тосқауыл қоямыз?

Қазіргі әлемді интернетсіз елестету мүмкін емес. Біз оны кез келген салада, әсіресе байланыс, сауда, банк секторында және жұмысымызда қолданамыз. Алайда цифрландырудың өркендеуімен киберқауіп легі де артып келеді. Киберқылмыс, соның ішінде алаяқтық, мысалы деректерді ұрлау, шоттарды бұзу барған сайын өрши түсуде. Желілік ортада өзіңізді қалай қорғауға болатынын және қандай шаралар қауіп-қатерлерді азайтуға көмектесетінін түсіну маңызды.
Таяуда біздің топта осы мәселе бойынша заң ғылымының магистрі Байтұрбай Орынбасар куратор-эдвайзерлік ашық сағат өткізді. Осы ашық сағат аясында біз күнделікті қолданып отырған түрлі әлеуметтік желілерді қалай дұрыс пайдалану қажет екені жайында, яғни кибершабуылдардың алдын алу туралы көптеген мағлұмат алдық.
Жалпы, киберқылмыс – бұл интернетті немесе компьютерлік технологияны қолдану арқылы жасалатын заңсыз әрекеттер. Мұндай қылмыстардың басты мысалы ретінде ең алдымен жеке бас деректерін ұрлау, яғни құпия сөз, банк карталарының нөмірлері немесе жеке сәйкестендіру мәліметі сияқты жеке ақпаратты жымқыру жайын айтуға болады. Екіншіден, фишинг – бұл пайдаланушыдан құпия деректерді алу немесе қаржы ұрлау мақсатында алаяқтық хаттар немесе хабарламалар жіберу. Үшіншіден, вирус пен зиянды бағдарламалар жіберу. Бұған құрылғыға енетін және ақпаратты ұрлайтын, пайдаланушыға тыңшылық жасай алатын немесе деректерді бұзатын бағдарламалар жатады. Сонымен қатар бопсалау шабуылдары (Ransomware), олар пайдаланушы төлем төлегенге дейін деректерге қол жеткізуге тыйым салатын зиянды бағдарламалар.
Өзіңізді киберқылмыстардан қорғау үшін көптеген шаралар кешенін қолдану керек. Осындай стратегиялардың бірнешеуіне тоқтала кетуді жөн санадым. Қиын парольдерді қолдану, түрлі сайттар үшін бірдей құпия сөзді пайдаланбау, құпия сөз менеджерлерін пайдалану. Бұл бағдарламалар құпия сөздерді шифрланған түрде сақтауға және күрделі, бірегей құпия сөздерді жасауға көмек береді. Сонымен бірге екі факторлы аутентификацияны (2FA) қосу – бұл әдіс парольді ғана емес, сонымен қатар SMS коды немесе биометрия (саусақ ізі) сияқты екінші факторды қажет етеді. Бұл есептік жазбалардың қауіпсіздігін едәуір жақсартады. Тағы бір ескеретін жайт, бағдарламалық жасақтаманы жаңартып отыру керек. Қосымшаларды үнемі жаңартып отыру шабуылдаушылар қолдана алатын осалдықтарды жабуға көмектеседі. Қауіптерді анықтайтын және бейтараптандыратын сенімді антивирустық бағдарламаны орнатуға тырысу керек. Брандмауэрді пайдалану құрылғыны қажетсіз кіріс және шығыс байланыстардан қорғай алады. Жалпыға ортақ Wi-Fi желілерін пайдалану кезінде сақ болу қажет. Мұндай желілер шабуылдарға осал. Сондықтан оларды онлайн-банкинг немесе құпия ақпаратты енгізу үшін пайдаланудан аулақ болған абзал. Сонымен қатар VPN пайдалану керек. Бұл виртуалды жеке желі (VPN) интернет-трафикті шифрлап, оны қоғамдық желілерде қауіпсіз етеді.
Әлеуметтік желіге келіп түскен түрлі сілтемелер мен тіркемелерді ашқан кезде сақ болған жөн. Егер хат немесе хабарлама күдікті болып көрінсе немесе белгісіз жіберушіден келсе, тіркемелерді ашпаңыз немесе сілтемелерге өтпеген дұрыс. Сақтық шараларының тағы біріне URL мекенжайларын тексеру жатады. Мұнда фишингтік сайттар ресми сайттарға ұқсас URL мекенжайларын жиі пайдаланады. Бірақ шамалы өзгерістер бар. Деректерді енгізбес бұрын, мекенжайларды тексерген жөн.
Жалпы, кибершабуылдарға қалай әрекет ету керек? Барлық сақтық шаралары орындалса да, кибершабуыл болуы мүмкін. Мұндай жағдайларда не істеу керек екенін білу маңызды:
1. Құпия сөздерді дереу өзгерту: егер сіздің есептік жазбаларыңыз бұзылды деп күдіктенсеңіз, барлық маңызды қызметтердегі құпия сөздерді өзгерту керек.
2. Қаржы институттарына хабарласу: егер деректерді ұрлау орын алса, рұқсат етілмеген транзакциялардың алдын алу үшін банкке хабарласып, болған жағдайды баяндау қажет.
3. Құрылғыларды сканерлеу үшін антивирустық бағдарламаларды қолданған дұрыс.
4. Есептік жазбаны бұзу немесе деректерді ұрлау сияқты ауыр шабуыл болған жағдайда құқық қорғау органдарына хабарлау керек.
Технологияның дамуымен киберқылмыскерлер пайдаланушылар мен ұйымдарға шабуыл жасаудың жаңа жолдарын табуда. Алайда қорғаныс технологиялары да бір орында тұрмайды. Қазіргі таңда жасанды интеллекті және машиналық оқыту технологиялары желідегі күдікті әрекетті тануға және шабуылдардың алдын алуға көмектесуде. Болашақта қорғаныстың негізгі факторларының бірі – әлеуметтік желі пайдаланушылардың цифрлық сауаттылығын арттыру. Желіде өзін қалай ұстау керек екенін және қауіп-қатерлерге қалай әрекет ететінін үйрену өте маңызды.
«Сақтансаң сақтаймын» дегендей, біз өз жауапкершілігіміз бен сауаттылығымызды арттырған жағдайда ғана кибершабуылдардың құрбаны болудан қорғаламыз.
Жасмин
ЖОРАБЕКҚЫЗЫ,
«Табиғи-техногендік қауіп-қатерлер» мамандығының 2-курс студенті
Басқа жаңалықтар

