«Абайтану» республикалық оқу-әдістемелік семинары өттіFarabi University

51

«Абайтану» республикалық оқу-әдістемелік семинары өтті

9 сәуір, 2015

Филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультеті университет жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының базасында «Абайтану» атты республикалық оқу-әдістемелік семинар өткізді.

Семинар бағдарламасына сәйкес тыңдаушыларға Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Жанғара Дәдебаев, ҚазҰУ профессорлары, әдебиеттанушы-ғалымдар Қанипаш Мәдібаева, Темірғали Есембеков, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың профессоры Рахымжан Тұрысбеков, ғалым Дандай Ысқақов абайтанудың заманауи мәселелері, абайтану тарихы бойынша дәріс оқыды. Орта мектептің «Абайтану» пәнінің мұғалімдеріне арналған семинарда инновациялық мазмұн, инновациялық технологиялар қарастырылды. Сондай-ақ семинарда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Абай ҒЗИ-дің сайтының құрылымы таныстырылып, абайтану бойынша қосымша материалдар ұсынылды.

«Талдықорған қаласының білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің №2 орта мектеп коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Л. Байсова, Алматы облысы, Іле ауданы, Н.Тілендиев ауылындағы №26 орта мектебінің мұғалімі Р. Атабаева, Көкөзек Алматы облысы, Қарасай ауданы Көкөзек орта мектебінің мұғалімі К. Кемелова өз тәжірибелерімен бөлісіп, жүргізген сабақтары бойынша әдістемелік кеңестерін айтып өтті.

Тыңдаушыларға «Абайтану» оқу-әдістемелік семинарының бағдарламасын толық игергені туралы арнайы сертификат берілді. Тыңдаушылардың семинар бағдарламасы бойынша дайындаған әдістемелік зерттеу жұмыстары мақала түрінде Абай институтының вебсайтында және «Абай институтының хабаршысы» журналында жарияланады. Семинардың орта мектеп мұғалімдері үшін берері мол болды.