Шығыстану факультетінің қадірлі ұстазы - жапондық профессор Ниномия Такаши

Ниномия Такаши – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Шығыстану факультетінің Қиыр Шығыс кафедрасында қызмет ететін Жапонияның танымал жоғары оқу орны - Цукуба университетінен арнайы шақырылған шетелдік профессор.
Ниномия сэнсэй 2014 жылдан бастап сегіз жыл бойы ҚазҰУ-да қызмет етіп келеді. Профессордың білім ордамызға сіңірген еңбегін ерекше атай отырып, ұстаздың осыған дейін алған білімі мен өмір жолына шолу жасаймыз. Ниномия сэнсэй Жапонияның ең беделді ЖОО-ларының бірі болып табылатын Нара университетінде ежелгі Таяу Шығыстың тарихын оқып, білім алады.
Өзінің алған білімін одан сайын тереңдету үшін жапондық ұстаз 2003 жылы Цукуба университетінің магистратурасына түсіп, Таяу Шығыста таралған шумер, аккад, хет тәрізді ежелгі өркениеттерге қызығушылық танытып, сокотри, джиббали және мехри сияқты көне тілдерді зерттеумен айналысады. Оқу барысында профессор өз бетінше латын және аккад тілдерін оқып үйренеді.
Ол 2007 жылы Цукуба университетіндегі оқуын жалғастырып, докторантураға түседі. ылыммен айналысу барысында Ниномия сэнсэй протосемит тілдерін, оның ішінде әсіресе джиббали тілінің ерекшеліктерін зерделеп талдау мақсатында Эфиопия және Оман сияқты араб мемелекеттеріне барып, зерттеу жүргізеді. Аталған елдерге бару үшін ол араб тілін үйренуге бел байлап, ақыры араб тілін де жетік меңгереді. Оған қоса, шетелдік ұстаз өзінің негізгі оқуымен бірге, Цукуба университетінде жапон тілі және жапон тілін оқытудың әдістері бойынша сабақ алып, аталған бағытта білімін арттырады.
Докторантурада оқып жүрген жылдары профессор Цукуба университетінің Орта Азия елдерін зерттеу орталығында қызметке орналасып, бұрын зерттемеген жаңа саланы игере бастайды. Қазақстаннан келген студенттермен жақын араласып, республикамыз туралы, қазақ халқы мен оның дәстүрлі мәдениеті, қоғамдық-әлеуметтік өмірі, тұрмыс-салты жөнінде білімін жетілдіреді.
Қазақстанға алғаш келгенде Ниномия сэнсэй сол кезде ҚазҰУ-дың бірінші проректоры болған Мұхамбетқали Бүркітбаевпен жүздесіп, ресми түрде ҚазҰУ-да қызмет етуге шықырылды. Қазақстанға келген соң үстаз дайындық факультетіне түсіп, қазақ тілін оқуға кіріседі. Екі жыл көлемінде мемлекеттік тілді меңгеріп, елеулі де нәтижелі жетістіктерге қол жеткізеді. Ниномия сэнсэй, қазір қазақ тілінде еркін сөйлей алады және онымен ғана шектелмей, мемлекеттік тілде ғылыми мақалалар жаза алатын дәрежеге жетті.
Қазіргі таңда шетелдік профессор Қиыр Шығыс кафедрасында болашақ жапонтанушыларға сабақ береді. Сондай-ақ өзге факультеттерде және еліміздің басқа да ЖОО-ларыда күншығыс елінің ұлттық болмысы, қоғамы мен білім беру жуйесі сияқты тақырыптарда арнайы дәрістер оқиды. Білім және ғылым саласындағы екі ел арасындағы байланыстарды дамытуды мақсат тұтқан, әрі сол бағытта аянбай еңбек етіп жүрген жапондық ұстазымызға шын жүректен алғыс айтамыз! Осындай әрбір ісін үлкен жауапкершілікпен ыждаһаттылықпен жүзеге асыратын ұстаздардан ілім алған студенттер де өз бойларына жақсы қадір-қасиеттерді сіңіріп, келешекте Қазақстанның бетке ұстар білікті де білімді шығыстанушы мамандары болып шығатындарына сеніміміз мол!
Басқа жаңалықтар

