Стамбулдағы ғылыми тағылымдама: тарих, білім және өркениеттер сабақтастығыFarabi University

51

Стамбулдағы ғылыми тағылымдама: тарих, білім және өркениеттер сабақтастығы

26 шілде, 2025

 

Біз қазіргі уақытта Түркия Республикасының Стамбул қаласында орналасқан Едитепе университетінде бір айға жоспарланған ғылыми тағылымдамадан өтудеміз. Бұл тағылымдама — докторлық диссертациялық жұмысымыздың аясында жүзеге асқан маңызды ғылыми тәжірибе. Тағылымдаманың жетекшісі — тарих ғылымдарының PhD докторы, профессор Ахмет Ташағыл мырза. Оның ғылыми жетекшілігімен біз академиялық білімімізді тереңдетіп, халықаралық ғылыми байланыстарымызды дамытып келеміз.

Тағылымдама барысында біз бірқатар беделді ғылыми және мәдени орталықтарға барып, зерттеуімізге қажетті материалдармен жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болдық. Атап айтқанда, Стамбулдағы Сүлеймание кітапханасы, Баязит мемлекеттік кітапханасы, сондай-ақ заманауи үлгіде жаңғыртылған Рами кітапханасы біз үшін ерекше ғылыми маңызға ие болды. Бұл кітапханалардағы сирек қолжазбалар мен тарихи құжаттар біздің зерттеу тақырыбымыздың дерекнамалық негізін толықтырды.

Сонымен қатар, Стамбул қаласының тарихи-мәдени мұраларына да арнайы ғылыми сапарлар ұйымдастырылды. Біз Айя София, Топқапы сарайы, Сұлтанахмет мешіті секілді өркениеттік маңызы зор нысандарды аралап, олардың архитектуралық, діни және тарихи қырларына ғылыми тұрғыдан талдау жасадық.

Осы ретте ерекше атап өтерлік бір маңызды сапарымыз — Ислам білімі мен технологиясы музейіне баруымыз болды. Бұл музейде ортағасырлық мұсылман ғалымдарының ғылым мен технологияға қосқан зор үлесін бейнелейтін экспонаттар қойылған. Астрономия, медицина, инженерия, механика, география салаларындағы мұралар бізге ислам өркениетінің әлемдік ғылым тарихындағы орнын тереңірек ұғынуға мүмкіндік берді. Мұндағы ғылыми жаңалықтар мен мұсылман ойшылдарының еңбектері біздің диссертациялық зерттеуіміздің мазмұнын нақты тарихи дәлелдермен байыта түсті.

Әсіресе, Айя София — біздің зерттеу жұмысымызға ерекше тарихи және мәдени құндылық ретінде әсер етті. Бұл нысан христиан және ислам өркениеттерінің бір кеңістікте бейбіт қатар өмір сүруінің нақты мысалы болып табылады. Ғимараттың ішкі көрінісіндегі мозаика, фреска мен ислам каллиграфиясы дінаралық сабақтастық пен мәдени үндестіктің айқын көрінісін береді.

Түркиядағы тағылымдамамыз бізге ғылыми-зерттеу жұмыстарын халықаралық деңгейде кеңейтуге, жаңа көзқарастар мен әдіснамаларды меңгеруге, шетелдік ғылыми қауымдастықпен тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік берді. Жинақталған білім мен материалдар докторлық диссертациямыздың мазмұнын тереңдетіп, отандық ғылым мен мәдениетке өз үлесін қосатынына сеніміміз мол.

 

Мақала авторлары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ - нің «Дінтану» мамандығының 2 курс докторанттары Н.Жетпісбай, А.Агабаев.