«Академиялық мәтін жазу шеберханасы» кітабы таныстырылдыFarabi University

51

«Академиялық мәтін жазу шеберханасы» кітабы таныстырылды

14 мамыр, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Академиялық мәтін жазу шеберханасы» кітабының таныстырылымы өтті. Бұл кітапты Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақстандық қоғамдық даму институты әзірлеп шығарған.

Қазақстандық қоғамдық даму институты  Директорлар кеңесінің мүшесі – басқарма төрағасы Нұрбек Матжанидың айтуынша, күні бүгінге дейін оқытушылар мен ғалымдар, жалпы, ізденушілер пайдаланатындай академиялық мәтін жазу саласына арналған қазақ-орыс тілдерінде аса құнды еңбек бола қоймаған. Әрі бұл саладағы оқулық кітаптардың 80-90 пайызы ағылшын тілінде жазылған. Сондықтан авторлар ағылшын тіліндегі еңбектерге сүйеніп, негізге алды деді.

Кітапты құрастырған төрт автордың бірі – «Калькасыз қазақ тілі» контентінің негізін қалаушы, редактор Назгүл Қожабек академиялық мәтін жазу құрылымы, стилі күні бүгінге дейін бір жүйеге түспегенін тілге тиек етті. «Бұл еңбек елімізде академиялық білім алып жатқан студенттерге, жас ғалымдарға көмекші құрал. Еңбек жазғанда мәтінді қалай жүйелеп, қалай форматтау керек – осының бәрі жан-жақты кейстермен түсіндірілген. Әр бөлімде үлгілер мен тапсырмалар бар. Мұның бәрі кітапты жеңіл қабылдау үшін жасалған», – деген ойымен бөлісті.

«Академиялық мәтін жазу шеберханасы» кітабы оқырманның жазу машығын жетілдіруге арналған. Мұнда мәтін жазудың негізгі ұстанымдары, тақырыпты терең түсіну, ойталқы жасау, сондай-ақ әдебиет талаптарымен қоса, академиялық стильге тән сөз саптау тақырыптары қамтылған. Кітап соңында оқырманның білімін толықтыруына арналған пайдалы дереккөздер тізімі берілген.

Бұл еңбек алдағы уақытта ЖОО-лар мен ғылыми-зерттеу орталықтары кітапханаларының қорын толықтырады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі