ҚазҰУ-дың студенттік театры ерлік тақырыбына қойылым ұсындыFarabi University

51

ҚазҰУ-дың студенттік театры ерлік тақырыбына қойылым ұсынды

8 мамыр, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттік «Біз» театры Жеңістің 80 жылдығына орай, «Отан үшін от кешкендерге тағзым» атты қойылым көрсетті.

Сахналық көріністе студент жастар Екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен қазақтың қаһарман ұл-қыздарының бейнесін сомдады. Көрермендер Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Сағадат Нұрмағамбетов, Хиуаз Доспанова, Рақымжан Қошқарбаев және Қасым Қайсенов  сынды даңқты батырлардың ерлікке толы өмір жолымен тереңірек танысты.

Театр құрамында физика-техникалық факультетінің  студенттері Айболат Сембиев,  Нұрбах Орынбасаров, филология факультетінің студенттері Рамазан Таңатов, Жанерке Ерсайынова, Нұртілеу Қойгелді, журналистика факультетінен Меруерт Жәкешова,  Амангелді Хадиджа сынды жас таланттар бар.

Студенттік «Біз» театры бұған дейін белгілі режиссер, драматург Әлімбек Оразбековтің «Бір түп алма ағашы», актер, драматург Қанат Жүнісовтің «Алғашқы махаббат», «Ғашықтар хикаясы», жас қаламгер Әлішер Рахаттың «Апатай», «Туған күніңізбен, анашым!» қойылымдарын сахналады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі