ҚазҰУ «Батырларға тағзым» әскери-патриоттық шарасын өткіздіFarabi University

51

ҚазҰУ «Батырларға тағзым» әскери-патриоттық шарасын өткізді

6 мамыр, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерекесіне орай, «Батырларға тағзым» әскери-патриоттық шарасын өткізді.

ҚазҰУ-дың Әскери кафедрасы ұйымдастырған  шараға университетімізден шыққан  соғыс ардагерлері, тыл ардагерлері, Чернобль оқиғасына қатысушылар, интернационалист-жауынгерлер арнайы шақырылды.

Сонымен қатар университет басшылығы, оқытушылар мен студенттер, Алматы қаласы №111 гимназиясының оқушылары мен студенттердің ата-аналары қатысты.

Мерекеге орай ұйымдастырылған салтанатты шеруді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Әскери кафедрасының бастығы, запастағы полковник Олег Уәли-Ахметұлы Ажимов  бастап, «Өз Отанын, туған жерінің тарихын білмейтін, елінің батырлары мен ата-бабаларын құрметтемейтін жастардан Отанын қорғайтын нағыз патриот азаматты тәрбиелеу мүмкін емес. Сондықтан әр азамат елінің қорғаны болуы тиіс», – деп атап өтті.

Университет басшылығы атынан Басқарма мүшесі – қаржы-шаруашылық қызмет және инфрақұрылымды дамыту жөніндегі проректор Әбдірахман Тасыбаев сөз сөйлеп, университетте білім мен ғылымды дамытумен қатар, жастарға патриоттық тәрбие берудің маңызына тоқталды.

Қазақстан Қарулы Күштерінің еңбек сіңірген ардагері, отставкадағы генерал-майор Владимир Бондаренко студенттерге әскери-патриоттық тәрбие беру ісінде Әскери кафедраның қосатын үлесі зор екенін айтты.

Салтанатты шара барысында Әскери кафедраның бірқатар оқытушылары мен қызметкерлері Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректорының Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталды.

Айта кету керек, ҚазҰУ Әскери кафедрасы университетпен бірге  1934 жылы құрылған. Бүгінгі күнге дейін кафедра 50 мыңнан астам запастағы офицерлерді даярлады. Қазіргі кезеңде Әскери кафедрада ұлдар мен қыздар 20 әскери-есептік мамандық бойынша әскери дайындық курстарынан өтуде.

Тарихи деректерге сүйенсек,  университет 1941 жылдың 1 қарашасына дейін майданға жедел түрде  30 медбике дайындап, аттандырды.

1941 жылы 7 тамызда ҚазМУ ректоратының отырысы өтіп, соғыс уақытында университет қызметін қайта құру жоспары бекітілді.

Қазвоенкоматтың тапсырмасы бойынша университет майдан шебіндегі әскери бөлімдеріне:  24 химиялық қызмет бастығы, Алматы қаласының гарнизоны үшін Орта Азия әскери округінің арнайы бағдарламасы бойынша 15 командир, улы заттарды талдау және индикациялау бойынша 20 дәрігер, НКВД әскерлерінің госпитальдарына арналған 17 маман даярлады. 

Соғыс жылдарында ҚазҰУ-дан жалпы 287 қызметкер мен студент майданға аттанып, көпшілігі ерлікпен қаза тапты.

Қос мерекеге арналған салтанатты шеруден кейін Әскери кафедра студенттері мерекелік қойылым жасап, әскери тақырыптарға арналған концерттік бағдарлама ұсынды. Концертті Алматы қаласындағы №111 гимназиясының оқушылары «Жеңіс күні» әнімен қорытындылады.

Шара соңында ҚазҰУ қызметкерлерінің «Парасат» кәсіподағы ардагерлерге мерекелік сый-сияпат тапсырды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі