Академиялық әріптестік аясындағы біліктілікті арттыру тәжірибесі

2025 жылдың 14 сәуір - 2 мамыр аралығында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Бердақ атындағы Қарақалпақ мемлекеттік университеті арасындағы меморандум негізінде қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы Кенжебаева Роза Сайлауовна университетіміздің филология факультеті қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасы базасында біліктілігін арттыру курсынан өтті.
Роза Сайлауовна қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасы меңгерушісі, ф.ғ.д., профессор Алуа Берікбайқызы Темірболаттың «Әдебиет поэтикасы» бағдарламалық курсының дәрістерін тыңдап, практикалық тапсырмаларын орындады. Бұған қоса, кафедра оқытушылары Зұфар Сейітжанов, Гүлназ Даутова және Ардақ Саргелтаева өткізген сабақтарға қатысып, өзара тәжірибе алмасты. Курстың нәтижесінде Роза Сайлауовна «Абай поэтикасының көркемдік коды» атты ғылыми мақаласын дайындап, «ҚазҰУ Хабаршысы» (филология сериясы) журналының редакциясына жолдады.
Қонақ оқытушы «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасының 2-курс студенттеріне Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай «Абайдың көркемдік әлемі: лирика мен қарасөз үндестігі» тақырыбында ашық дәріс өткізді. Сондай-ақ, 25 сәуір күні «Әл-Фараби» ғылыми кітапханасында өткен «Жаңа Қазақстан мәдениет кеңістігіндегі тіл мен әдебиет тамырластығы» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция жұмысына қатысып, ғылыми ойларымен бөлісті.
Бұл курс Роза Сайлауовна үшін кәсіби тұрғыда жаңа серпін беріп, ғылыми-әдістемелік тәжірибесін байытуға мүмкіндік берді. Алдағы уақытта да осындай академиялық әріптестік байланыстар екіжақты ынтымақтастықты нығайтып, қазақ әдебиетін оқыту мен зерттеудің жаңа бағыттарын айқындай түсетініне сенім мол.
Басқа жаңалықтар

