Қазақстан халқы Ассамблеясы - келісім мен ізгіліктің символы

2025 жылдың 30-сәуір күні Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Қазақстан халқы Ассамблеясы - келісім мен ізгіліктің символы» атты салтанатты іс-шара жоғары деңгейде өткізілді. Бүгінгі таңда осындай маңызды шараның қонағы Сулейменов Ризван Салауадинұлы мен бірнеше факультеттің студенттері қатысып, сұрақтарын қойып, өз ойларымен бөлісті Мерекелік жиынға университетіміздің тарих, филологиялық және журналистика факультеттерінің студенттері белсене қатысты.
Бұл іс-шараның мақсаты – Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдағы бейбітшілік пен бірлікті нығайтудағы маңызды рөлін ұлықтау, сондай-ақ жас ұрпақтың бойында ұлттық татулық пен ынтымақтастық құндылықтарын тереңдету болды.
Кездесу барысында студенттер Ассамблеяның құрылу тарихы, оның ел ішіндегі этносаралық келісімді сақтау жолындағы атқарған қызметі туралы жан-жақты мағлұмат алды. Әр факультеттен келген студенттер өздерінің шығармашылық қабілеттерін көрсетіп, түрлі этностардың мәдени мұрасын насихаттайтын әндер мен өлеңдер орындады, сахналық көріністер қойды.
Тарих факультетінің студенттері Ассамблеяның қалыптасу кезеңдеріне арналған тарихи деректерді негізге ала отырып, арнайы баяндамалар жасады. Филология факультетінің жастары әртүрлі халықтардың әдеби мұрасына арналған көркемсөз шеберлігін паш етсе, журналистика факультетінің студенттері іс-шараның ақпараттық сүйемелдеуіне атсалысып, кәсіби шеберліктерін көрсетті.
Бұл мерекелік басқосу тек білім беру сипатында ғана емес, сонымен қатар достық пен өзара түсіністіктің шынайы алаңына айналды. Студенттер әртүрлі мәдениеттердің өкілдерімен жақын танысып, көпұлтты еліміздің басты байлығы – бірлік пен келісім екеніне тағы бір мәрте көз жеткізді.
Бұл кездесуге Тарих факультетінің деканы Д.С. Байгунаков, деканның орынбасары Ж.М. Терекбаева, Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі Б.Б.Кәрібаев, профессор А.Б.Қалыш, доценттер Е.Н.Ноянов, Ж.М.Арынов қатысып, барша қатысушыларды құттықтап, ізгі тілектерін білдірді. Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры Ф.А. Қозыбақова, қауымд. профессор Н.А.Тасилова бұл шараны ұйымдастыруға атсалысты.
Шара соңында қатысушыларға алғыс хаттар табысталып, Ассамблеяның мерейтойына арналған естелік фотосессия ұйымдастырылды. Бұл күн жастардың жүрегінде мәңгілік із қалдырды.
Бірлік пен ынтымақты ту еткен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы – еліміз үшін ғана емес, болашақ ұрпақ үшін де маңызды тарихи белес болып қала бермек.
Басқа жаңалықтар


