«Ұлтаралық төзімділікті тәрбиелеу»

2025 жылдың 16 сәуірінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Филология және әлем тілдері факультетінде «Ұлтаралық төзімділікті тәрбиелеу» тақырыбында тәрбие сағаты өтті. Іс-шара қазіргі қоғамдағы бейбітшілік, құрмет пен мәдени әртүрлілік мәселелеріне арналды.
Кездесудің бастамашысы және ұйымдастырушысы — «Шет тілі: екі шет тілі» мамандығы бойынша 1-курс магистранты Абдуллаева Гүлістан Илхамқызы. Іс-шараның ғылыми жетекшісі — гуманитарлық ғылымдар магистрі, аға оқытушы Қонырбекова Толқын Ордабекқызы.
Іс-шара ашық диалог пен өзара түсіністік атмосферасында өтті. Екінші курс студенттері ұлтаралық келісімнің маңыздылығын ұғынып, Қазақстанның — 130-дан астам этнос өкілі бейбіт өмір сүретін елдің — үлгі боларлық құндылықтарын талқылады.
Кездесу барысында қатысушылар Қазақстанның көпұлтты картасымен танысып, ұлтаралық қақтығыстардың себептері мен оларды шешу жолдарын талқылап, достық пен өзара құрметті нығайтуға бағытталған интерактивті тапсырмалар мен шығармашылық жобаларға қатысты.
Ерекше қызығушылық тудырған топтық жұмыс — «Достық көпірі» тапсырмасы болды. Бұл бөлімде студенттер Қазақстанда өмір сүретін түрлі мәдениеттердің ерекшеліктерін зерттеп, әртүрлі халықтарды біріктіретін ортақ гуманистік құндылықтарды анықтады.
Кездесу соңында ұйымдастырушылар ұлтаралық төзімділік — әр адамның жеке таңдауынан басталатынын атап өтті: ашық болу, өзгешелікті құрметтеу және өзара түсіністікке ұмтылу — баршамыздың ортақ борышымыз.
Іс-шара студенттердің азаматтық ұстанымын қалыптастыруға, мәдениетаралық қарым-қатынасты нығайтуға және қазақстандық қоғамда бейбітшілік пен келісім құндылықтарын тәрбиелеуге маңызды үлес қосты.
Ұйымдастырушылар: Филология факультетінің Түркітану және тіл теориясы кафедрасының 1-курс магистранты Абдуллаева Г.И. және аға оқытушы Қонырбекова Т.О.
Басқа жаңалықтар

