
2025 жылдың 28 сәуірінде филология факультеті қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының ұйымдастыруымен 4-ТДМ «Сапалы білім беру» аясында №17 студенттер үйінде ҚазМУ түлегі, қазақтың біртуар талантты ақыны Жұматай Жақыпбаевтың туғанына 80 жыл толуына арналған «Жұматай – жыр қағаны» тақырыбында әдеби кеш өтті.
Әдеби кештің алғашқы минуттарынан бастап залда ерекше бір нәзік сезім мен шығармашылық шабыттың лебі есті. Жүргізушілер Жұматай Жақыпбайдың өмірі мен шығармашылығы жайлы тың мәліметтермен бөлісіп, оның поэзия әлеміндегі дара орнын аша түсті. Ақынның сырлы жырларынан құралған арнайы бейнеролик көрсетіліп, көрермендерді ақын әлеміне жетеледі.
Кеш барысында 3-курс студенттері ақынның «Ләйлә», «Менің Ләйлам», «Саратан», «Көктемгі хаттар» сияқты танымал өлеңдерін оқыды. Әрбір өлеңнің көркемдік ерекшелігі мен сезімдік иірімдері студенттердің жүрек тербеген тебіреністерімен үндесіп жатты. Ақынның мәңгілік музасына айналған Ләйлә бейнесі, оның нәзік сезімдері мен махаббат туралы сырлары кештің басты өзегіне айналды.
Шараның көркемдік бөлімі күй өнерімен жалғасты. Өнерлі студенттердің орындауындағы әсем әуен Жұматай жырлаған қазақтың табиғи болмысын, нәзік үнін айқын сездірді. Кештің ерекше сәттерінің бірі студенттерге арналған шағын викторина болды. Ақынның өмірі мен шығармаларына қатысты қызықты сұрақтар қойылып, белсенді қатысушылар марапатталды. Бұл сәт кешке серпін беріп, білім мен сезімді қатар ұштастырды.
Әдеби кештің қорытындысында студенттер мен магистрлер Жұматай Жақыпбайдың өлеңдері арқылы рухани тазалық пен шынайылықты сезінгендерін, оның шығармашылығы болашақ ұрпаққа өнеге боларлық рухани мұра екенін ерекше атап өтті. Бұл кеш әдебиетті сүюдің, қазақ поэзиясының көркемдік әлеміне сапар шегудің тамаша мүмкіндігі болды. Жұматайдың сырлы жырлары арқылы әр жүрекке сұлулық пен сезім сәулесі қонды.
Басқа жаңалықтар


