
2025 жылғы 15-16 сәуір күндері XIV Республикалық «Үздік химик-зерттеуші» олимпиадасы өткізілді. Олимпиаданың ұйымдастырушылары мен демеушілері ретінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аналитикалық, коллоидтық химия және сирек элементтер технологиясы кафедрасы және «Электрохимиялық өндірістер технологиялары зертханасы» ұжымы болды.
Олимпиада екі кезеңнен тұрды: 15 сәуір күні сағат 14.00-16.00 аралығында жеке тур өтті. Бұл кезеңде қатысушыларға 4 тапсырма ұсынылды: 2 жазбаша есеп және 2 бейнетапсырма, онда бейнежазбалар арқылы көрсетілген физика-химиялық процестерді сипаттап, қолданылған компоненттерді анықтау қажет болды.
16 сәуір күні сағат 15.00-18.00 аралығында командалық тур өткізілді. Қатысушылар 3-4 адамнан құралған топтарға бірігіп, күрделі тапсырманы орындап, А0 форматындағы постер мен бейнетүсірілім түрінде өз шешімдерін қорғады. Бұл тапсырма келесідей болды: «Болат бөлшектерге сәйкес қаптама немесе олардың үйлесімін ұсыныңыз және экономикалық тұрғыдан оның тиімділігін негіздеңіз».
Олимпиаданың қазылар алқасына 4 мүше кірді: Мальчик Федор (зертхана меңгерушісі), Абдимомын Сәкен (PhD студенті, олимпиадалардың бұрынғы қатысушысы), Жигаленок Ярослав (PhD студенті, олимпиадалардың бұрынғы қатысушысы) және Мәлік Сейілбек (магистрант, олимпиадалардың бұрынғы қатысушысы). Олар жауаптарды қазақ және орыс тілдерінде бағалады.
Олимпиаданың жүлде қоры 200 000 теңгені құрады (1-орын – 50 000 тг., 2-орын – 30 000 тг., 3-орын – 20 000 тг. жеке және командалық турлар үшін жеке-жеке). Бұл жүлде қорын «Электрохимиялық өндірістер технологиялары зертханасы» қамтамасыз етті.
Командалық турда Қазақстанның бірнеше университеттері мен мектептерінен келген 12 команда бақ сынады. Жеке турға Қазақстанның түрлі жоғары оқу орындары мен мектептерінен 24 қатысушы қатысты.
Ерекше атап өтерлік жайт: бұл олимпиадада университет студенттерімен бірге №134 лицейінің (10-11 сыныптар) оқушылары да қатысты және жүлделі орындарға ие болды.
18 сәуір күні олимпиаданың қорытындысы мен тапсырмаларды талқылау рәсімі өтті. Олимпиада сапасы туралы көптеген ауызша оң пікірлер айтылды.
«Үздік химик-зерттеуші» сияқты ғылыми олимпиадаларды өткізу жас ғалымдарды дамытуда және жаңа буын зерттеушілерін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Мұндай іс-шаралар тек дарынды студенттер мен оқушыларды анықтап қана қоймай, сонымен қатар шығармашылық ойлау, аналитикалық көзқарас пен командалық жұмысты бағалайтын ғылыми ортаны қалыптастырады. Сондықтан мұндай олимпиадалар тек байқау ғана емес, елдің ғылыми қауымдастығы мен инженерлік әлеуетіне салынған инвестиция болып табылады.
Басқа жаңалықтар


