Медиа білім берудегі Түркия мен Қазақстан ынтымақтастығы

Кеше 22-сәуірде Түркияның «Ұлттық Тәуелсіздік және Балалар күні» мерекесіне орай Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасына қарасты «ТҮРКСОЙ» медиа білім беру және зерттеу орталығының ұйымдастыруымен «Ұлт болашағы - балалық шақта қаланады!» атты халықаралық мерекелік шара ұйымдастырылды.
Шараны журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбайұлы құттықтау сөзбен ашып, «ТҮРКСОЙ» медиа орталығы ашылғаннан бері екі ел студент жастарының ынтымақтастығы артып, таяуда «Халықаралық журналистика» мамандығының 4 білім алушысы Шетелдегі түріктер және туысқан қауымдастықтар басқармасының қаржылай демеушілігімен Түркияның Мәдениет және білім министрлігі Анталия қаласында ұйымдастырған «Жастар лагері бағдарламасына» қатысып келгенін атап өтті.
Құттықтау сөзден кейін «ТҮРКСОЙ» ұйымы мен Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулының қолдауымен ашылған түрік тілін үйрету курсының студенттері қазақ және түрік тілдерінде ән-жырдан шашу шашты және ұстаздары Саваш мырза мен Ләзиза Нұрпейіске өз алғыстарын білдірді.
Бұл кездесуге «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының Бас хатшысының орынбасары Сайид Юсуф мырза және Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Эврен Муддерисоглу қатысып, журналистика ұжымы мен білім алушыларына өз алғыстарын білдіріп, екі елдің жоғары білім саласындағы және жастардың өзара алмасу бағытындағы ынтымақтастығы арта беретініне және бұл орайда өздерінің қолдауларын аямайтындықтарын атап айтты.
Ошанова Орынтай,
ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация
кафедрасының меңгерушісі, қауымдастырылған профессор
Басқа жаңалықтар

