Ақпараттық қауіпсіздік тақырыбындағы халықаралық ғылыми-оқу-әдістемелік конференция КазҰУ-де өттіFarabi University

51

Ақпараттық қауіпсіздік тақырыбындағы халықаралық ғылыми-оқу-әдістемелік конференция КазҰУ-де өтті

22 сәуір, 2025

2025 жылғы 21–22 сәуір аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Ақпараттық қауіпсіздік саласындағы мәселелер, сын-қатерлер және үрдістер» тақырыбында халықаралық ғылыми-оқу-әдістемелік конференция өтті. Іс-шараны «Киберқауіпсіздік және криптология» кафедрасы ұйымдастырды.

Конференция әл-Фараби кітапханасында және Ақпараттық технологиялар факультетінің базасында өтті. Оған Германия мен Қазақстаннан келген жетекші ғалымдар, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздік саласының оқытушылары, зерттеушілері мен мамандары қатысты.

Конференцияның ресми ашылуы кафедра меңгерушісі, ф.-м.ғ.к., доцент Мусиралиева Шынар Женисбекқызының модераторлығымен өтті. Құттықтау сөз сөйлегендер қатарында Ақпараттық технологиялар факультетінің деканы Тұрар Олжас Нұрқонысұлы мен ұйымдастырушылар болды.

Пленарлық баяндамалармен сөз сөйлегендер:

  • Профессор Gollmann Dieter (Гамбург университеті, Германия) — «Ақпараттық кеңістіктегі өзгерістерге бейімделу және ғылыми зерттеулердегі сапаны бақылау» тақырыбында;

  • Профессор Joachim Posegga (Пассау университеті, Германия) — «Сандық қауіпсіздік және жасанды интеллектінің деструктивті табиғаты» тақырыбында.

Сонымен қатар конференцияда КазҰУ оқытушылары мен басқа да жоғары оқу орындары мен ұйымдар өкілдерінің фишинг, әлеуметтік желідегі осалдықтарды талдау, криптографиялық қорғаныс және киберқауіптер мәселелеріне арналған баяндамалары тыңдалды.

Күннің екінші жартысында секциялық отырыстар өтті:

  • Секция 1 – «Киберқауіпсіздікті оқыту әдістемесі мен технологиялары» (модератор – Медетбек Ж.Б.);

  • Секция 2 – «Қазіргі заманғы киберқауіптер мен қорғаныс құралдары, криптология» (модератор – Шайзат М.).

Баяндамашылар әлеуметтік желідегі агрессияны талдау, фишингтік шабуылдарды анықтау, жастар арасындағы деструктивті контентпен күрес, криптографиялық әдістер және киберқауіпсіздікке арналған машиналық оқыту құралдары бойынша зерттеу нәтижелерін ұсынды.

Конференция цифрлық қауіпсіздік, криптография және кибермәдениет салаларындағы өзекті мәселелерді талқылауға, ғылыми әзірлемелермен алмасуға арналған тиімді алаңға айналды.