ТДМ-11,13: «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Велосипед күні» ұйымдастырылдыFarabi University

51

ТДМ-11,13: «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Велосипед күні» ұйымдастырылды

20 сәуір, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 20 сәуір күні «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Велосипед күні» ұйымдастырылды. Бұл шара БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары аясында, атап айтқанда, ТДМ-11 (Тұрақты қалалар мен елді мекендер) және ТДМ-13 (Климаттың өзгеруіне қарсы күрес) бағыттарына сай жүзеге асырылып, университет жастарының экологиялық мәдениетін қалыптастыруға және салауатты өмір салтын насихаттауға арналды.

Іс-шараға ҚазҰУ студенттері, профессорлық-оқытушылық құрамы және қызметкерлері белсене қатысты. Бұл күні университет ұжымы жеке автокөліктерден бас тартып, баламалы экологиялық көлік түрлеріне – велосипед, самокат және жаяу жүруге басымдық берді. Қатысушылар велошеруге шығып, қалалық ортада экологиялық қозғалысты қолдайтынын көрсетті. 

Студент жастар шара барысында велосипедпен жүрудің денсаулыққа пайдасы, қалалық экологияны жақсартудағы рөлі туралы ақпараттық сессиялар өткізілді. Қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған челлендждерге қатысты.

ҚазҰУ басшылығы бұл бастаманың тұрақты дамуға қосар үлесі зор екенін атап өтіп, мұндай экологиялық іс-шаралардың университет мәдениетінің бір бөлшегіне айналып келе жатқанын жеткізді. Университет жасыл бастамаларды қолдау мақсатында «Green Campus» жобасы аясында бірнеше тұрақты экологиялық жобаларды жүзеге асырып келеді. Олардың қатарында энергия үнемдеу, қалдықтарды сұрыптау, жасыл инфрақұрылым және экологиялық білім беру курстары бар.

«Велосипед күні» шарасы арқылы ҚазҰУ жастары қоршаған ортаға деген жауапкершілік пен белсенді азаматтық ұстанымдарын көрсетті. Бұл бастама болашақта да жалғасын тауып, университет қоғамдастығының экологиялық санасын арттыруға және еліміздің тұрақты дамуына нақты үлес қоспақ.