«Қазақ университеті» баспа үйінің жаңа кітаптары таныстырылды

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Қазақ университеті» баспа үйі Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада өткен Ұлттық кітап күніне арналған ауқымды кітап көрмесіне қатысты.
Ұлттық кітап күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Атыраудағы Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасына сәйкес, елімізде биыл алғаш рет ұйымдастырылуда. Ұлттық құрылтайда Президент: «Кітапқа деген сүйіспеншілік – тамаша қасиет. Көптеген елдер кітап оқу мен кітапқа арналған ұлттық күнді атап өтеді. Біз ең алдымен жастардың кітап оқуға деген сүйіспеншілігін оятуымыз керек. Тек осылайша біз кітап оқитын ел боламыз», – деп атап өткен болатын.
Басты мақсат – қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, оқырманның кітапқа деген қызығушылығын арттырып, ұлт әдебиетін насихаттау.
«Қазақ университеті» баспа үйі көрмеде жаңадан шыққан 60-тан аса ғылыми және әдеби кітап, оқулықтар мен оқу құралдарын ұсынды. Баспа үйі оқырмандарға өз өнімдерін ұсынып қана қоймай, оның ішінде қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген түрлі жанрлардағы жаңа кітаптарды таныстырды.
«Кітап көрмесі оқырман қауымды қалыптастыруға және отандық әдебиетті қолдауға бағытталған. «Қазақ университеті» – кітап және полиграфиялық өнімдерді, сондай-ақ ғылыми журналдарды шығаратын ірі баспалардың бірі. Журналдар ЖАК ұсынған жетекші рецензияланған ғылыми журналдар мен басылымдардың тізіміне кіреді. Бұл 16 сериядан тұратын «ҚазҰУ хабаршысы» журналы», – деді Сәуле Жылқайдарова.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар

