ТДМ-4: «Сахна шеберлігі: актер және режиссер» ашық дәрісі өткізілді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 2025 жылдың 18 наурыз күні 4-ТДМ «Сапалы білім» бағыты аясында «Әдебиет және театр» пәнінен «Сахна шеберлігі: актер және режиссер» тақырыбында ашық дәріс және «Сахна саңлақтары» тақырыбында ашық семинар сабағы өтті. Іс-шараны әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультеті қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының аға оқытушылары, ф.ғ.к. П. Қ. Бисенбаев, ф.ғ.д. Г.Ж. Болатова, педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының доценті, пед.ғ.к. Б.И. Иманбекова, сондай-ақ жалпы және қолданбалы психология кафедрасының профессоры м.а., психол.ғ.к. Н.С. Жұбаназарованың жетекшілігімен «7М02313 – Қазақ филологиясы» білім беру бағдарламасының 1-курс магистранты А.Б Берікханова ұйымдастырды.
Ашық дәріс сабағының мақсаты – актерлік және режиссерлік өнердің ерекшеліктерін түсіндіру арқылы сахналық образ жасаудың әдістерін меңгерту, студенттердің сахна мәдениеті мен театр өнеріне деген қызығушылығын арттыру болды. Дәріс барысында актер мен режиссердің сахнада өзара байланысы, шығармашылық серіктестігі мен рөлі кеңінен талқыланды. Қатысушылар сахналық бейне жасаудағы ішкі эмоциялық жұмыс, серіктеспен әрекеттесу, қозғалыс, интонация, режиссерлік шешімнің ықпалы сынды негізгі ұғымдармен танысты.
Ашық семинар сабағы «Сахна саңлақтары» деп аталып, қазақ театр өнерінің көрнекті өкілдері – Серке Қожамқұлов, Амина Өмірзақова, Асанәлі Әшімов шығармашылығына арналды. Семинар сабағы дискуссия түрінде өтіп, студенттер өз ойларын еркін жеткізіп, сахна өнеріне қатысты көзқарастарын білдірді. Практикалық тапсырмалар мен кері байланыс сәтінде білім алушылар актер мен режиссер рөлінің үйлесімділігін, кәсіби дайындықтың мәнін нақты мысалдармен дәлелдеп көрсетті.
Ашық дәріс пен семинар – болашақ филологтар мен өнерсүйер жастардың кәсіби көзқарасын қалыптастыруға, шығармашылық қабілеттерін арттыруға бағытталған нәтижелі қадам болды. ТДМ-4 «Сапалы білім» мақсаты аясында жүзеге асқан бұл шара студенттердің теориялық білімін практикамен ұштастырып, театр өнеріне деген қызығушылығын арттырды.
Басқа жаңалықтар

