ТДМ-4: «Жалғасқан жол: әке өнері — бала өрнегі» атты тәрбие сағаты өттіFarabi University

51

ТДМ-4: «Жалғасқан жол: әке өнері — бала өрнегі» атты тәрбие сағаты өтті

8 сәуір, 2025

Университет қабырғасында 2025 жылдың 8 сәуірінде «ТДМ-ның 4-ші бөлімі Сапалы білім беру» бағыты аясында «Жалғасқан жол: әке өнері — бала өрнегі» тақырыбында ашық тәрбие сағаты, нақтырақ айтқанда, әнші, театр және кино актері Мақсат Рахмет пен оның ұлы, «Болмаған балалық шақ» фильмінің басты кейіпкері Шәкәрім Алмасбекпен әдеби-шығармашылық кездесу өтті. Аталмыш іс-шараны әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультеті қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының аға оқытушылары, ф.ғ.д. Г.Ж. Болатова, педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының доценті, пед.ғ.к. Б.И. Иманбекова, сондай-ақ жалпы және қолданбалы психология кафедрасының профессоры м.а., психол.ғ.к. Н.С. Жұбаназарованың жетекшілігімен «7М02313 – Қазақ филологиясы» білім беру бағдарламасының 1-курс магистранттары ұйымдастырды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – əке мен бала арасындағы рухани сабақтастықты, өнер мен тəрбие тоғысын көрсету арқылы студент жастардың отбасылық құндылықтарға, ұлттық өнерге жəне адами қарым-қатынасқа деген көзқарасын қалыптастыру, оларды шығармашылыққа, рухани ізденіске баулу.
Ашық тәрбие сағаты барысында қонақтармен сұхбат, шығармашылық ойын ойнау, көрерменмен кері байланыс, бірге ән шырқау әрекеттері ұйымдастырылды. Бұл арқылы студенттер шабыт алып қана қоймай, сұрақ-жауапқа белсене қатысып, өз көзқарастарын ашық білдіруге мүмкіндік алды.
Жалпы, әдеби-шығармашылық кездесу отбасылық құндылықтар мен өнер сабақтастығына қатысты əдеби-танымдық сұрақтар арқылы студенттердің ақпаратты анықтау жəне талдау дағдыларын дамытуға, әке мен бала арасындағы өзара байланыс үлгісі арқылы ұлттық құндылықтар туралы көзқарасын қалыптастыруға ықпал етті деп сенеміз.
Педагогикалық практика аясында өткен бұл ашық тәрбие сағатын ұйымдастыруға «7М02313 – Қазақ филологиясы» мамандығының 1-курс магистранттары Амангельдина Кания, Асқар Алуа, Асқарова Гулназ, Әбділәшім Ардақ, Берікқызы Гүлбану, Берікханова Арайлым белсенді атсалысты.
Ашық тәрбие сағаты кезінде айтылған ойлар мен пікірлер студенттерге шығармашылық шабыт пен жігер сыйлап, алға ұмтылуға себеп болды.