- Басты бет
- Жаңалықтар
- «Ұлттық телеконтенттің даму тенденциялары» атты республикалық ғылыми-әдістемелік семинар-тренинг өтті
«Ұлттық телеконтенттің даму тенденциялары» атты республикалық ғылыми-әдістемелік семинар-тренинг өтті

18 сәуір күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ұлттық журналистиканың дамуына өлшеусіз үлес қосқан филология ғылымының кандидаты, доцент Жидегүл Әбдіжәділқызының 60 жас мерейтойына арналған «Ұлттық телеконтенттің даму тенденциялары» атты республикалық ғылыми-әдістемелік семинар-тренинг өтті.
Іс-шараны журналистика факультетінің Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасы ұйымдастырды. Семинардың негізгі мақсаты – ұлттық телеконтенттің қазіргі жағдайына шолу жасап, оның даму бағыттары мен өзекті мәселелерін саралау.
ылыми-тәжірибелік семинар барысында спикерлер заманауи медиаплатформалар мен жаңа форматтағы контент үлгілерін, телеарналардағы ақпараттық саясаттың әлеуметтік ықпалын, ұлттық медианың жастар арасындағы көзқарас қалыптастырудағы рөлін жан-жақты талқылады.
Семинарға қатысқан ЮНЕСКО журналистика және коммуникация кафедрасының меңгерушісі Орынтай Ошанова Жидегүл Әбдіжәділқызының ғылыми еңбектеріне ерекше тоқталып:
«Жидегүл Әбдіжәділқызының «Тікелей эфир табиғаты» атты оқулығында қазақ тікелей эфирінің теориясы тұнып тұр. Жидегүл апайдың кітабын оқығанда, менің таң қалғаным, телевидениедегі термин сөздерді (синхрон, стэндап, зкт) қазақи мақамда аударып шыққан. Сол сөздерді теріп алып, терминологиялық сөздік шығарсақ деген ойымыз бар», – деп жүрекжарды тілегін білдірді.
Ал белгілі медиаменеджер Нұржан Жалауқызы Жидегүл Әбдіжәділқызының студент кезін, журналистикада жасаған алғашқы қадамдарын еске алып, еңбекқорлығын атап өтті:
«1982 жылы біз журналистика факультетін тәмамдап жатқан шақта, Жидегүл Әбдіжәділқызы сол жылы ғана университет табалдырығын жаңадан аттаған жас талапкер болатын. Сол кездің өзінде-ақ ол өзінің кәсіби жолын нақты таңдап, «Қазақ радиосында» практикант ретінде жұмысқа кірісіп, радиожурналистиканың қыр-сырын меңгере бастады. Студент Жидегүл радиодағы алғашқы тәжірибесін Сони маркалы бейнекамераны иығына асынып, нақты қызметпен ұштастырды. Біз сол уақытта «Репортер 6» мен «Репортер 7»-ні көтеріп, жаңалықтың соңынан жүгірсек, Жидегүл де қатарымызда жүріп, репортерлік пен тілшілікті қатар атқарып, шынайы медиатілшінің алғашқы мектебінен өтті. Ол жастар арасында кеңінен танымал «Ұшқын» бағдарламасынан тағылымдамадан өтті. Сонымен қатар, айына бір рет студент жастарға арналған «Гүлдәурен» атты радиожурналдың жұмысына белсенді араласты. Уақыт өте келе осы радиобағдарламалардың тізгінін Жидегүл бастаған жас тілшілер өз қолына алып, оларды жаңа бағытта дамытып, мазмұнын байыта түсті».
Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының Кино тарихы мен теориясы кафедрасының доценті Алма Мұратқызы семинар барысында ұстазы кәсіби әрі рухани қарым-қатынасы туралы лебізін білдірді:
«Мен контент тақырыбында докторлық диссертация жазған сәтімде Жидегүл апай ресми оппонент болды. Сол сәттен бастап арадағы қарым-қатынасымыз бекіп, ғылыми байланысымыз тұрақты әріптестікке ұласты. Апайдан тікелей дәріс алмасақ та, ол кісіні өзімізге ұстаз тұтамыз. Себебі Жидегүл Әбдіжәділқызының еңбектері арқылы білімімізді тереңдетіп, таным көкжиегімізді кеңейттік», – дей келе Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының ректоры Арман Әділзанұлының атынан арнайы құттықтау сөзін оқып берді.
Журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбай сондай-ақ Сүлеймен Демирел университетінің ректоры Әлімжан Игенбаевтың арнайы жолдағанн құттықтау хатын оқып берді. Құттықтау мәтінінде Жидегүл Әбдіжәділқызының ұзақ жылдар бойы атқарған қажырлы еңбегі мен шәкірт тәрбиелеудегі табандылығы, ғылыми ізденістегі жауапкершілігі мен кәсіби біліктілігіне айрықша баға берілген.
Басқа жаңалықтар

