ҚазҰУ-да жас ғалымдар бас қосқан «Фараби әлемі» халықаралық конференциясы өттіFarabi University

51

ҚазҰУ-да жас ғалымдар бас қосқан «Фараби әлемі» халықаралық конференциясы өтті

14 сәуір, 2025

әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде студенттер мен жас ғалымдардың ІV халықаралық «Фараби әлемі» атты ғылыми конференция өтті.

Форумның басты мақсаты – студенттер мен жас ғалымдардың ғылым жолына қадам басуына ықпал ету , талантты әрі дарынды жастарды ғылымға ойыстыру, ғылыми-зерттеу және оқу-ағарту қызметін дамыту, жас ғалымдардың әртүрлі сала бойынша өзекті мәселелерді және зерттеу аясында анықтаған ұсыныстарын ортаға салуға мүмкіндік беру, интеллектуалды қабілеті ерек, алғыр жастар ортасын қалыптастыру.

 

Тың идея, әдіс-тәсіл, тәжірибе алмасу мақсатында 300-ден астам отандық және шетелдік жас зерттеушілер қатысты. Конференция қатысушылары қазақ, ағылшын және орыс тілінде жоба қорғады. Байқауға қатысушы-студенттер жүзден астам секция бойынша теориялық, тәжірибелік, қолданбалы бағытта ғылыми жобалар ұсынды. Дәстүрлі шара шеңберінде Индонезия, Корея, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және т.б. елдерден келген сарапшы-ғалымдар басқосып, ғылым салаларының сантүрлі бағыты қамтылды. Сонымен қатар конференцияға ұсынылған жұмыстар жинағын жарыққа шығару жоспарланған.

Іс-шара аясында түрлі конференциялар, дөңгелек үстелдер,  студенттік бизнес-инкубаторлар, инновациялық жобалар байқауы және «ҚазҰУ-дың үздік жас ғалымы» конкурсы ұйымдастырылды. Қонақтар мен қатысушылар нновациялық жұмыстар көрмесінде «Төтенше жағдайларға арналған ұшқышсыз ұшу аппараттарындағы сымсыз mesh желілері», «Электр қозғалтқыштарын басқару үшін жиілік түрлендіргішін әзірлеу және құрастыру», «Отандық өсімдік шикізатынан антиоксиданттық қасиеттері бар кремді әзірлеу», «Психоэмоционалдық жағдайды инвазивті емес түзетуге және когнитивтік функцияларды жақсартуға арналған нейтротренингтер» және т.б. тақырыпта студенттер дайындаған жобаларды тамашалады. Инновациялық жоба бойынша 24 жеңімпаз іріктелді.

16 факультеттің топжарған үздік студенттері арнайы жүлдемен марапатталды. Салтанатты жиында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев жүлдегер атанған 48 қатысушыға диплом мен ақшалай сыйлық табыстады. Журналистика факультетінен Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының 2-курс студенті Алчинова Нұрбибі 1-орын, Баспа және дизайн кафедрасының Мейрамханқызы Аяулым 2-орын, ЮНЕСКО кафедрасының 2-курс магистрі Ильхамжанов Руфат 3-орын иеленді. Фараби әлемі форумының жалпы жүлде қоры 5 миллион теңге.

Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасы