Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері халықаралық «MaxUP» Legathon-2025 байқауында жүлделі орын иелендіFarabi University

51

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері халықаралық «MaxUP» Legathon-2025 байқауында жүлделі орын иеленді

21 сәуір, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетінің студенттері Maqsut Narikbayev University (MNU) ұйымдастырған, Мақсұт Сұлтанұлы Нарикбаевтың 85 жылдығына арналған және құқық саласындағы инновациялық шешімдерді іздеуге бағытталған Maqsut Narikbayev Legathon-2025 шақырту алды. (Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері іріктеу кезеңінен өтіп 1 орын алды).
2025 жылдың 18-19 сәуір күндері Maqsut Narikbayev University (MNU) базасында «Болашақ құқығы және жасанды интеллект рөлі: MNU-де алғашқы халықаралық Legathon MaxUP 2025» тақырыбында халықаралық деңгейдегі ауқымды іс-шара өтті. 
Жаңа форматтағы Legathon-ның ерекшелігі — оның дәстүрлі құқықтық жарыстардағы кейс-чемпионат немесе рөлдік сот процестерінен өзгеше интеллектуалды зертхана ретінде ұйымдастырылуында. Шараға Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан елдерінен келген 9 үздік студенттік команда қатысты.
International Legathon MaxUP 2025 іс-шарасының басты тақырыбы - жасанды интеллект дәуіріндегі этика мен құқық мәселелері болды. Қатысушылар болашақта туындауы мүмкін гипотетикалық, бірақ шынайы жағдайды қарастырып, жасанды интеллекттің адам құқықтарына ықпал етуі және құқықтық дилеммаларды туындатуы мәселелеріне қатысты өз шешімдерін ұсынды. Студенттер тек білімдерін көрсетіп қана қоймай, болашақ құқық жүйесінің қалыптасуына өз үлестерін қосты.
Кейс шешумен қатар, командалар жасанды интеллект пен цифрлық құқықты реттеу тақырыптарында ғылыми жобалар әзірлеп, оны кәсіби қазылар алқасына ұсынды. Қазылар алқасының құрамында ҚР Әділет вице-министрі Даниэль Ваисов, ҚР Жоғарғы Сотының судьясы Елена Максюта, сондай-ақ қазақстандық және халықаралық жетекші заң фирмаларының серіктестері, судьялар мен адвокаттар болды. Сонымен бірге, қатысушылар үшін тәжірибелік шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.
Бастапқы кезеңде Legathon-ға 30 команда қатысып, олардың ішінен үздік 9 команда ақтық кезеңге өтті. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің намысын заң факультетінің 3-4 курс студенттері  Абишев Асқар, Бектұрсын Мерей, Таипова Даяна және халықаралық қатынастар факультетінің студенті Муталипова Дильнара қорғады. Команданың ғылыми жетекшісі - заң ғылымдарының докторы, профессор, кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының меңгерушісі Қуаналиева Гүлдана Амангельдиевна, топ жетекшісі — Токтыбеков Темир Абикенович, куратор-эдвайзер — Асанова Саида Эргашевна болды.


Екі күнге созылған тартысты бәсекенің қорытындысы бойынша ҚазҰУ командасы жүлделі III орынды жеңіп алды (командаға 200 мың теңге сыйақы берілді).
Жеңімпаздар тізімі:
I орын — Мәскеу Жоғары құқық мектебі (Высшая школа права, Москва)
II орын — Орал мемлекеттік университеті (Екатеринбург)
III орын — Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (Алматы)
Іс-шара соңында барлық қатысушылар мен жетекшілерге арнайы сертификаттар табысталды.
Жүлдегер студенттер Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, басқарма төрағасы Ж.Қ. Түймебаевқа, заң факультетінің деканы  У.А. Ахатовқа және ұстаздарына көрсеткен қолдаулары мен берген білімдері үшін алғыстарын білдірді. Олар болашақта да университет абыройын асқақтатып, үлкен жетістіктерге жетуге ниетті екендіктерін жеткізді.