IQ Stars: Үздіктер шеруі — болашаққа салынған сенім көпірі!

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих факультетінің үздік студенттері халықаралық компания тарапынан шәкіртақыға ие болды.
2025 жылдың көктемінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Тарих факультетінің қабырғасында жарқын әрі тәрбиелік мәні зор ерекше іс-шара өтті. «Тұрақты даму мақсаттары» бағдарламасының № 4«Сапалы білім беру» атты бөлімнің мақсаттарын жүзеге асыру барысында Қазақстан тарихы кафедрасының 1 курс білім алушылары, атап айтқанда «6B02205» білім беру бағдарламасы бойынша оқып жатқан студенттер ғылыми-зерттеу жұмыстарына белсенді қатысып, жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Фараби Әлемі» халықаралық конференциясында жүлделі орындарға ие болды. Студенттердің бұл жетістігі жоғары бағаланып, халықаралық серіктестер тарапынан лайықты қолдау тапты.
Аталған іс-шара аясында, Қытай Халық Республикасының ірі логистикалық ұйымдарының бірі — "Shandong Hi-Speed Qilu Eurasia Railway Logistics Co., Ltd." компаниясы белсенді және дарынды 10 студентке жалпы сомасы 500 000 теңге (әр студентке 50 000 теңге) көлемінде бір реттік шәкіртақы тағайындады. Бұл шәкіртақы компанияның Қазақстандағы Алматы қалалық бөлімшесінің бас директоры Люй Цзюньфэн мырза және маркетинг бойынша директоры әрі бас директордың көмекшісі Абишева Айжан ханымның тікелей бастамасымен табысталды.
Іс-шара «IQ Stars: Үздіктер шеруі» деп аталып, білім мен ғылым жолында алға ұмтылған жастардың еңбегін ұлықтауға арналды. Бұл – жастарға шабыт сыйлайтын, рух беретін, әрі алдағы қадамдарын сенімді басуға себеп болатын маңызды мәдени-ғылыми оқиға болды. Іс-шара барысында сөз алған Тарих факультетінің деканы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Досбол Байғұнақов шәкіртақы иелерін шын жүректен құттықтап, былай деді: «Студенттерге қолдау көрсету – ұлттың болашағына салынған инвестиция. Бүгінгі таңда сіздердің білім мен ғылым жолындағы табыстарыңыз тек өз жетістіктеріңіз ғана емес, еліміздің интеллектуалдық әлеуетінің көрінісі. Бүгін сіздерге қолдау көрсеткен халықаралық серіктестерімізге зор алғыс білдіремін. Бұл – екі ел арасындағы білім және ғылым саласындағы сенімді серіктестіктің айғағы», — деді профессор.
Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Берекет Кәрібаев та өз сөзінде бұл шараның маңыздылығына тоқталып, жас ғалымдарға үлкен сенім артатынын жеткізді:
«ылым жолында нақты нәтижеге жету үшін табандылық пен еңбек қажет. Біздің кафедра студенттерінің жетістігі — ұжымдық еңбектің, жауапты оқытушылық жұмыстың және студенттердің өз арманына деген адалдығының нәтижесі. Халықаралық компаниялардың осындай қолдау көрсетуі — олардың жастарға, білімге және ғылымға деген сенімін білдіреді», — деп атап өтті академик.
Технологияларды коммерцияландыру және креативты индустрия орталығының жоба менеджері Умбетжанова Эльвира Алмасовна сондай-ақ факультет пен кафедра ұжымы толықтай қатысты. Олардың қатарында:Деканның Оқу-әдістемелік және тәрбие жұмысы бойынша орынбасары доцент м.а. Терекбаева Жазира Махмұдқызы, Оқу-әдістемелік және тәрбие жұмысы бойынша кафедра меңгерушісінің орынбасары, т.ғ.к., доцент Ноянов Еділ Ноянұлы, Халықаралық байланыс және ғылыми-инновациялық жұмыс бойынша орынбасары, т.ғ.к., аға оқытушы Арынов Жұмақан Мақанұлы,Кафедра доценті Жандос Құмғанбаев, 1 курс кураторы, аға оқытушы Қабдолдина Керім бар.
Ұйымдастырушылар студенттердің білімге деген ынтасын арттырып, келешекке деген сенімін нығайту мақсатында осындай іс-шаралардың алдағы уақытта да тұрақты өтетініне сенім білдірді. Марапаттау сәтінен соң студенттер келген қонақтарға өз алғыстарын шығармашылық өнерлері арқылы білдірді.
«IQ Stars: Үздіктер шеруі» — бұл жас буынның еңбегі мен талантына берілген баға ғана емес, сонымен қатар халықаралық серіктестік пен достықтың нығаюына ықпал ететін рухани-мәдени оқиға.
Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушылары: Ж.М.Бекбауова, М.Т.Бижанова
Басқа жаңалықтар

