
Құрметті конференцияға қатысушы қонақтар!
Әріптестер, білім алушы жастар!
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне қош келдіңіздер!
Бүгінгі бірлескен көрме «Қытайда білім алу және қытай тілі емтиханы» тақырыбына арналып отыр.
Екінші рет ұйымдастырылып отырған көрмеге
Алматыдағы Қытайдың Бас консулдығының білім жөніндегі консулы Хуан Сяоминь,
Бейжің қытай тілін тестілеу орталығы директорының орынбасары Лю Сяо Лун,
Бейжіңдегі Қытай мұнай университетінің проректоры Син Сяо Кай әріптестеріміз арнайы келіп отыр.
Бүгінгі көрме Қазақстан мен Қытай арасындағы білім, ғылым саласындағы тығыз байланыстардың жарқын көрінісі.
Өткен жылы Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин мырза Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді.
Кездесуде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев:
«Қытай – біз үшін тату көрші ғана емес, жақын досымыз әрі сенімді серіктесіміз.
Бүгінде берік достыққа негізделген қазақ-қытай қарым-қатынасы бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып келе жатыр», – деп атап өтті.
Биылғы маусым айында Астанада «Орталық Азия – Қытай» саммиті өтеді деп жоспарлануда.
Саммитте екі елдің стратегиялық серіктестігінің жаңа бағыттары талқыланатын болады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қытайдың 65 жоғары оқу орны және ғылыми орталықтарымен ынтымақтастық орнатқан.
Олардың қатарында Бейжің университеті, Шанхай шет тілдері университеті, Хуажун ғылым және технологиялар университеті;
Гонконг политехникалық университеті, Ланьчжоу университеті, Ухан университеті;
Шыңжаң университеті, Бейжің шет тілдер университеті және т.б. оқу орындары бар.
Университетімізде Қытай тілі орталығы табысты жұмыс істеп келеді.
2002 жылы Ланьчжоу университетімен бірлесіп ашылған орталық 2007 жылы Конфуций институты болып қайта құрылды.
Ресми құжатқа Бейжіңдегі Конфуций институттары директорларының Дүниежүзілік форумында қол қойылған.
Конфуций институты Ланьчжоу университетімен бірлесіп дайындалған оқу бағдарламаларымен жұмыс істейді.
ҚазҰУ-дың Қытайтану кафедрасы мен Конфуций институтында Қазақстан мен Қытайдан келген білікті оқытушылар жұмыс істейді.
Бүгінгі күні 12 оқу тобында 120 адам қытай тілін оқуда.
Олардың арасында студент, магистранттармен қатар, оқушылар, компания қызметкерлері және түрлі сала өкілдері бар.
2024-25 оқу жылында Қытай университеттеріне ҚазҰУ-дан 21 оқытушы, 5 докторант, 9 магистрант жіберілді.
Қазір ҚазҰУ-да Қытайдан келген 1440 студент білім алуда.
Оның 308-і шәкіртақы бағдарламасы бойынша, 661-і келісімшарт бойынша білім алуда.
2024 жылы ҚазҰУ Қытайдың Үрімжі қаласында тұңғыш рет ғылыми-инновациялық көрме өткізді.
Бұл шара Қытай Халық Республикасы Білім министрлігінің шақыртуымен ұйымдастырылды.
Көрмеге жергілікті 196 университеттің ректоры мен ғылыми-зерттеу орталықтарының басшылары;
600-ден астам Қытай университеттерінің өкілдері, 40 ірі өндіріс корпорациясының жетекшілері;
екі елдің дипломатиялық корпусы, ғалымдар мен кәсіпкерлер қатысты.
2023 жылдан бері ҚазҰУ базасында Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалы жұмыс істейді.
Екі ел Президенттерінің қолдауымен ашылған бұл филиалда заманауи техникалық мамандықтар оқытылуда.
Филиалда материалтану және инженерия, электроника және коммуникациялық технологиялар,
компьютерлік ғылымдар білім беру бағдарламалары бойынша магистранттар білім алуда.
Қазіргі уақытта ҚазҰУ мен СБПУ ғалымдары бірлесіп ғарышқа микроспутник ұшыруға дайындалуда.
ҚазҰУ базасында тек бір жылдың ішінде 30-ға жуық зертхана ашылып, ғалымдар игілігіне берілді.
Осы зертханалардың жартысына жуығы қытайлық әріптестермен бірлесіп ашылды.
2019 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға мемлекеттік сапары аясында Қазақстанға суперкомпьютер әкелу туралы үкіметаралық келісім жасалды.
2024 жылы 3 шілдеде ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға сапары кезінде Мемлекет басшысы бірқатар маңызды құжаттарға қол қойды.
Сол кездесудің нәтижесінде ҚазҰУ-ға суперкомпьютер жеткізіліп, орнатылды.
Суперкомпьютердің өнімділігі – 2000 терафлопс. Әлемдегі үздік 600 суперкомпьютердің бірі.
Архитектурасы Intel және NVIDIA компанияларының процессорларынан құралған, қуаты ең заманауи дербес компьютерден 10 000 есе артық.
Қазіргі қолданыстағы компьютерлердің ондаған жылдар бойы орындайтын есептерін бір сағатта шешуге қабілетті.
2024 жылдың наурыз айында «Қашықтықтан зондтау технологиясы және қолдану» қазақ-қытай бірлескен зертханасы ашылды.
Зертхана Қытай Ғылым академиясының Экология және география институтымен бірлесіп құрылды.
Қытаймен серіктестіктің тағы бір нәтижесі – ZTE компаниясымен бірлесіп ашылған инновациялық орталық.
Орталық Farabi Hub инновациялық өнімдер мен жоғары технологиялық жобалар алаңы аумағында орналасқан.
Онда оқытушылар мен студенттер тағылымдамадан өтіп, жаңа технологияларды игеруде.
Орталық жасанды интеллект технологияларымен, ультра кеңжолақты антенналармен жабдықталған.
Бүгінгі көрмеде біз жаңа жобалармен танысып, алдағы жоспарларымызды, ортақ жобаларымызды талқылайтын боламыз.
Ғалымдарымыз бен студенттеріміз тәжірибе алмасып, өз ойларын ортаға салады.
Біз кез келген ұсынысқа дайынбыз.
Біздің әрбір кездесуіміз – тың идеялар мен жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынына сенімдімін.
Барша қытайлық әріптестерімізге алғыс білдіремін.
Жұмыстарыңызға табыс тілеймін!
Other news


