Сапалы білім мен рухани дамуға жол ашқан тағылымды кездесу

ҚазҰУ-да “Сапалы білім және рухани даму: Құран ілімдері және дінтанушының тұлғалық болмысы” атты ашық-тәрбие сағаты өтті
2025 жылдың 18 сәуір күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетінде дінтану мамандығының 3 курс студенттеріне арналған ашық-тәрбие сағаты өтті. “Сапалы білім және рухани даму: Құран ілімдері және дінтанушының тұлғалық болмысы” атты тағылымды кездесуге арнайы спикер ретінде тәжірибелі ұстаз, исламтанушы, дінтанушы, араб тілінің маманы Секрукхан Аршынгүл ханым шақырылды.
Кездесу барысында спикер қазіргі қоғамдағы рухани тоқыраудың себептері мен шешімдері жайында, Құран ілімдерінің білім алушыға бағыт-бағдар берудегі маңызы туралы терең мазмұнды ойларымен бөлісті. Аршынгүл ханым дінтанушы маманның тұлғалық қалыптасуында рухани тәрбие мен терең діни білімнің рөлін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, ол жастарға өзінің тәжірибесінен мысал келтіре отырып, ғылым мен руханияттың үндестігі арқылы кемел тұлға қалыптастырудың мүмкін екенін дәлелдеді.
Шараның ұйымдастырушылары: 1 курс магистранты Дәуренбек Н., педагогикалық практика жетекшісі, философия ғылымдарының кандидаты Қаңтарбаева Ж.О., PhD, аға оқытушы Мұқан Н., және ғылыми жетекші, философия докторы, аға оқытушы Аманқұл Т.О. болды.
Бұл тағылымды кездесу дінтану мамандығының студенттері үшін үлкен серпіліс беріп, болашақ маман ретінде ішкі дүниесін байытуға, кәсіби ұстанымдарын нақтылауға себеп болды. ҚазҰУ-дің білім мен руханиятты ұштастыра отырып ұрпақ тәрбиелеудегі бұл бастамасы — жастардың көкжиегін кеңейтіп, олардың рухани иммунитетін нығайта түсетін игі қадам.
Басқа жаңалықтар

