ТДМ 4. ӘДЕБИЕТТІ ОҚЫТУДЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Филология факультеті, Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының ұйымдастыруымен 2025 жылдың 17 сәуір күні С.Демирел университетінің профессоры, п.ғ.к., әдіскер ғалым Жұмақаева Береке Дәулетханқызы «Әдебиетті оқытудың өзекті мәселелері» атты шеберлік дәріс өтті.
Іс-шараға факультет деканының ғылым істері жөніндегі орынбасары, кафедра оқытушылары, жас ғалымдар мен студенттер қатысты. Шеберлік дәрістің модераторы ф.ғ.к., профессор м.а. Сарбасов Болатхан Серғазыұлы кіріспе сөзде қатысушыларды және құрметті қонақтармен таныстырды.
Шеберлік дәрістің мақсаты – жоғары оқу орындарында әдебиет пен әдебиеттану пәндерін зерттеу ерекшеліктерін түсіну қабілетін қалыптастыру. Жоғары оқу орындарында әдебиет пен әдебиеттану пәндерін оқыту барысында инновациялық технологияларды қолданудың теориялық-әдіснамалық негізін саралау. Әдебиетті оқытудың озық педагогикалық тәжірибелері мен әдіс-тәсілдерін практикада пайдалану. Әдебиет пен әдебиеттану пәндерін зерттеу мен оқытудың өзіндік стратегиясын меңгеруге бағыттау.
Шеберлік дәрістің құрметті қонағы – С.Демирел университетінің профессоры, п.ғ.к., әдіскер ғалым Жұмақаева Береке Дәулетханқызының өмір жолы мен ғылыми-педагогикалық еңбектеріне шолу жасалды.
Шеберлік дәрістің қатысушыларына «Әдебиетті оқытудың өзекті мәселелері» тақырыбында мазмұнды дәріс оқыды. Атап айтқанда, «Жыраулар поэзиясын оқытудағы мәтіндік талдау», «Абай шығармаларын оқытудың өзектілігі» және қазіргі әдебиет сабағында кездесетін әдістемелік қиындықтар, білім алушылардың пәнге қызығушылығын арттыру жолдары мен оқытудың инновациялық технологиялары жайлы өз тәжірибесімен бөлісті.
Дәрістен кейін қатысушылар тарапынан ұстаз-ғалымның «Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі» оқулығына қатысты сұрақтар қойылып, қызу пікір алмасу өтті. Сонымен қатар, студенттер «Көңіл назы» жыр жинағынан ұстаз ақынның шығармашылығына арналған әдеби топтама оқылып, поэзиясынан үзінділер ұсынылды.
Кештің рухани бөлімі домбырамен орындалған әндермен жалғасып, әсерлі сәттерге толы болды. «Әдебиеттану» мамандығының 1-курс докторанты Айдарбекова Ақгүл «Ұстазыма» атты арнау өлеңін оқып, жүрек тебірентерлік әсер сыйлады.
Шеберлік дәрістің мазмұнды, мағыналы өтуіне байланысты қатысушылар тарапынан құттықтау сөздер мен жақсы пікірлер де айтылды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Педагогика кафедрасының доценті, п.ғ.к. Қоңырбаева Сараш Сахиқызы, Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының професосры, ф.ғ.д. Ержанова Сәуле Баймырзақызы, Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының аға оқытушысы, PhD Сейсенбиева Эленора өз лебіздерін білдіріп, ұстаз-ғалымға шығармашылық табыс тіледі.
Басқа жаңалықтар

