Шабыттандыратын форум: IV Халықаралық Фараби форумы аясындағы менің тәжірибем

Жыл сайын біздің университетте дәстүрлі түрде «Фараби оқулары» атты студенттер үшін маңызды оқиға өтеді. Бұл жас зерттеушілер, студенттер мен жас ғалымдар үшін нағыз платформаға айналған іс-шара. Бұл жай ғана ғылыми жиын емес — бұл идеялар мен жаңалықтар кеңістігі, әрі еркін пікір алмасу алаңы.
Биыл мен IV Халықаралық Фараби форумына үлкен мақтанышпен қатысып, «Заманауи мәдениет кеңістігіндегі кітапхана жобалары: шетелдік тәжірибе негізінде» атты жобамды ұсындым. ылыми жетекшім: п.ғ.к., МАИН профессоры Түйенбаева Кәлима Төлеубайқызы. Бұл тақырыпты таңдауым кездейсоқ емес еді: мен кітапханалардың қазіргі қоғамдағы маңызын, олардың трансформациясын және функцияларының кеңеюін атап көрсеткім келді. Сонымен қатар, түрлі елдердегі креативті кітапхана бастамалары арқылы тыңдармандарды шабыттандыруды мақсат еттім.
Жобаны дайындау, оны қорғау, аудиториямен қарым-қатынас, сұрақтарға жауап беру және әріптестермен пікір алмасу — мұның барлығы мен үшін өте құнды тәжірибе болды. Форум кәсіби тұрғыдан өсу мектебіне айналды. Мен тек зерттеу жүргізу ғана емес, өз табыстарыңмен бөлісу, басқаларды қызықтыра білу, өзгені тыңдау мен түсіну қаншалықты маңызды екенін ұғындым.
Форумда басқа қатысушылардың жұмыстарымен танысу мен үшін ерекше шабыт көзі болды. Түрлі көзқарастар, батыл идеялар мен терең зерттеулер — бұлардың барлығы менің таным көкжиегімді кеңейтіп, жаңа жобаларға серпін берді. Сондай-ақ, форумға қатысу тек мойындалып қана қоймай, ынталандырылады да: табысты жобаларын ұсынған студенттерге қосымша шәкіртақылар қарастырылған.
Форум қорытындысы бойынша менің жобам екінші орынды иеленді. Маған сертификат пен ақшалай сыйақы табысталды. Бұл мен үшін тек жағымды тосынсый ғана емес, сонымен қатар таңдалған тақырыптың өзектілігі мен орындалған жұмыстың сапасын дәлелдеген марапат болды.
«Кітапханалық-ақпараттық жүйелер» мамандығының 2 курс магистранты Абилкаирова Айханым Шарипжановна
Басқа жаңалықтар

