«Жастардың қоғамдық бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудағы рөлі»Farabi University

51

«Жастардың қоғамдық бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудағы рөлі»

11 сәуір, 2025

2025 жылдың 11 сәуірінде «7M02312 – Шетел филологиясы (батыс тілдері)» мамандығының 1-курс магистратура студенті Оспанова Әсел Мадиярқызы педагогикалық практика аясында «6B02303 – Шетел филологиясы (батыс тілдері)» мамандығының 1-курс студенттеріне жетекшісі Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының доценты, филология ғылымдарының кандидаты Қазыбек Гүлмира Құдайбергенқызының басшылығымен «Жастардың қоғамдық бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудағы рөлі» тақырыбында ашық тәрбие сағатын өткізді. Бұл шара Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ) 16-мақсаты – Бейбітшілік, әділеттілік және тиімді институттар құру бағытына арналды.
Ашық тәрбие сағатының негізгі мақсаты – студенттердің азаматтық белсенділігін арттыру, қоғамдық тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтау ісіне қатысуға ынталандыру және құқықтық сауаттылығын дамыту болды. Іс-шара барысында қатысушылар қоғамдық келісім, құқық үстемдігі, әділеттілік пен жемқорлықпен күрес сынды маңызды мәселелер төңірегінде мағлұмат алды. Сондай-ақ, тұрақты даму шеңберіндегі тиімді институттардың рөлі, жастардың бейбіт қоғам құрудағы орны мен жауапкершілігі жайлы ой қозғалды.
Тәрбие сағаты интерактивті форматта ұйымдастырылып, студенттерге арнайы дайындалған презентация ұсынылды. Онда әлемдегі және Қазақстандағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау тәжірибелері, жастардың әлеуметтік бастамалары, волонтерлік қызмет пен құқықтық мәдениетті қалыптастыру жолдары қамтылды. Талқылау кезінде қатысушылар жастардың қоғам өміріндегі белсенділігі, олардың бейбіт қоғам құрудағы жеке үлесі, сондай-ақ тиімді мемлекеттік және қоғамдық институттармен өзара байланысы жайлы пікір алмасты.
Шараның маңызды сәттерінің бірі – қатысушылардың бейбітшілікті сақтау жолындағы жеке ұсыныстарын ортаға салып, қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты сақтау бағытындағы белсенді іс-қимылдарға дайын екендіктерін білдіруі болды. Ашық тәрбие сағаты студенттердің жоғары қызығушылығын тудырып, белсенді пікірталас форматында өтті. Қатысушылар бейбітшілік пен әділеттілік құндылықтарын терең түсініп, тұрақты даму мақсаттарына жетуде жастардың маңызды рөл атқаратынын нақты сезіне білді.
Қорытындылай келе, бұл іс-шара студенттердің құқықтық және азаматтық сауаттылығын арттырып, қоғамдық бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау жолындағы белсенділікке жетеледі. Сонымен қатар, тәрбие сағаты ТДМ 16 мақсаттарын жүзеге асыруға бағытталған білім беру мен тәрбие жұмыстарының тиімді үлгісіне айналды.

Ұйымдастырушылар:

«7M02312 – Шетел филологиясы» мамандығының
1-курс магистранты
Оспанова Әсел Мадиярқызы

Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының
доценты,филология ғылымдарының кандидаты
Қазыбек Гүлмира Құдайбергенқызы